Түркістандық шаруалар Мақтаарал мен Жетісай ауданына Сарыағаш станциясынан тікелей темір жол салуды сұрайды. Себебі, қазір диқандар үшін тауарды көлікпен тасымалдау қып-қызыл шығын. Бір ғана Жетісай ауданында биыл 13 шаруашылық қыс ортасында көмір жеткізе алмай өнімдерін үсітіп алды. Шаруалар көксеген теміржол тармағы салынады ма?
Жылыжай шаруашылығымен айналысатын Ғабит Дарханов қыста көмір таппай, қиярды бір жарым ай кеш екті. Жетісайға қатты отын мен тыңайтқышты көлікпен тасымалдап титықтаған шаруа темір жол салынса, шығын әлдеқайда аз болар еді дейді.
Ғабит Дарханов, шаруа:
Әр тоннаға бес мың теңгеден қосылып кетеді. Ол жақта 18 мың болып жатса, бізге келуімен 23 мың болады. Темір жол болса Сарыағаштың бағасымен тең болар ма еді деймін да. Сол вагонды алып келіп, осы жерге түсіретін едік. Шығыны қымбат болғаннан кейін, өнімнің бағасы да қымбат болады.
Бұл жақта бұрын Өзбекстан аумағына өтетін 13 шақырымдай шойын жол болды. Шаруалар осы теміржол қатынасын қайта қалпына келтіруді сұрайды.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Кеңес үкіметі тұсында Жетісай станциясына Өзбекстан арқылы поездар қатынаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша мұнда сегіз темір жол жолағы болған. Алайда екі елдің шекарасы бөлінген соң, төрт жолақ талан таражға түсіп, поездардың қозғалысы тоқтаған.
Бүгінгі күні Сарығаштан шыққан жалғыз жүк пойызы Өзбекстанның 2 облысын аралап барып, Мақтаарал мен Жетісай ауданына бірнеше күн дегенде әзер жетеді. Шекарадан өту, салық төлеу әрі тасымал ақысы сайып келгенде тым қымбатқа түседі. Ең бастысы шаруалар уақыттан ұтылады.
Серік Пірімбеков, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
Темір жол істеп тұратын болса, көмірдің тұтыну бағасы арзандайды. Сарыағаштан мысалы үшін қоймадан тікелей осы жерге вагонмен келетін болса, минералды тыңайтқыштың да, жанар-жағармайдың да бағасына жолдың тауардың бағасы аз қосылатын еді.
Түстіктегі шаруаларды мазалаған мәселемен Қазақстан теміржолы Ұлттық компаниясына сұрау салдық. Мамандардың айтуынша Мақтаарал мен Жетісай ауданына Сарыағаш станциясынан тікелей темір жол салынады. Тіпті, бұл жобаға Өзбек тарапы да қызығушылық танытқан.
Ақыл Біләлов, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ АК бас менеджері:
«Дарбаза-Мақтаарал» бойынша қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Аяқталуы осы жылдың мамыр айында. Құрылысын 2025-ші жылдың аяғына дейін жоспарлап отырмыз. Екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін дамытуға арналған жоба.
Теміржол желісі көрші елдің Сырдария, Жизақ станциялары арқылы жалғасын таппақ. Ол үшін әуелі Мақтаарал мен Жетісай аудандарында теміржол өтетін аумақтар белгіленеді. Уәде еткендей түстіктегі шаруалар армандаған шойын жол құрылысы екі жылда аяқталса, диқандардың шығыны азайып, жол азабынан құтылады.
Айнұр Әбілқасымқызы