Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Шалғайдағы елдімекен тұрғындары жаңа бизнес жобаларды жүзеге асыра бастаған. Бірі аудандар арасында алғаш боп ветеринарлық дәріхана ашса, келесісі кір сабын өндірісін қолға алған.
Ерзат жоғары білімді эколог. Дегенмен, жеке кәсіп ашуды армандаған. Былтыр «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысып, өз жобасын сәтті қорғады. Нәтижесінде 1 млн 225 мың теңге грант ұтып алды. Оған өз қаржысын қосып, Өзбекстаннан арнайы құрылғыны сатып алған. Осылайша, аймақта алғаш болып кір сабын өндірісін ашты.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Кір сабын өндірісіне негізінен малдың іш майы керек. Оған бұрын ас үйде қолданылып, жарамсыз болып қалған күнбағыс майын араластырып, бір қайнатып алғаннан кейін ғана арнайы қоспаларын салып, мына аппаратқа жібереміз. Одан кейін бірден мынадай кір сабын дайын болады.
Қазір бұл цехта айына 3-4 тоннаға дейін өнім шығады. Отандық кір сабынға көрші облыстардан да сұраныс көп. Жас кәсіпкер болашақта иіссабын мен сұйық сабынды да шығаруды жоспарлап отыр.
Ерзат Тынышқали, кәсіпкер:
Үкіметтен берілетін қайтарымсыз гранттар бар. Соларға қатысқым келеді. 5 млн теңгенің гранты бар. Мына бізде тұрған аппарат шағын, ондай көп ауқымды игере алмайды. Бізге қуатты көбейту керек, айына кемі 10 тонна шығарғымыз келеді.
Ал Назерке Жұбаева ветеринариялық дәріхана ашқан. Өзі мал дәрігерлік мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ырғыз ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ бұған дейін тұрғындар төрт түлігіне қажетті препараттарды облыс орталығынан алатын.
Назерке Жұбаева, кәсіпкер:
Бастамасы жақсы. Аудан тұрғындары үйреніп келе жатыр, бұрынғыдай емес. Осы жерге келеді. Саудасы жақсы. Түсінді халық.
Марал Шымаұлы болса ауданда алғашқылардың бірі болып бөдене өсіріп жатыр. Қазір 100-ге жуық құсы бар. Бөдене жұмыртқасына сұраныс жақсы. Кәсіпкердің қорасында тауық та бар. Ол осы құс шаруашылығын одан ары дамытуға бел буып отыр.
Марал Шымаұлы, кәсіпкер:
Бөденені өсіріп жатқан себебім, бөдененің жұмыртқасы көп ауруларға ем. Халықтан естіп, әрі қарай дамытып, халыққа қол жетімді бағамен сатсам деген ойым бар.
Жалпы, ауданда соңғы екі жылда жаңадан іс бастаймын деген азаматтар қатары артқан. Әсіресе, дәстүрлі емес шаруашылық түрлері дамып жатыр. 20-дан астам кәсіпкер өзен-көлдерде балық өсірмек.
Жақсыбек Кемал