Әуе қызметіне қатысты заңның кесірінен билет құны негізсіз өсіп жатыр. Бүгін Үкімет отырысында әуе компанияларының жұмысын реттеу мәселесі қозғалды.
Елімізде әуе билеттерінің бағасы өте қымбат. Жолаушылардың дәл осылай шағымданып жүргеніне біраз болды. Одан қалды, «жүк тасымалдау да бизнеске айналып кетті» дейді көпшілік. Рұқсат етілген межеден бір келіге артық жүкпен келсеңіз, әуе компаниялары 25 келілік жүктің құнын төлетеді. Халықтың айтуынша, билет құны қызмет көрсету сапасына сай емес.
Астанадан Алматыға ұшу үшін бір ай бұрын қамданғанның өзінде билетті кемі 20 мың теңгеге аласыз. Ал Түркияда дәл осындай арақашықтағы ішкі рейстер әлдеқайда арзанырақ. Мәселен, Стамбулдан Газиантепке шұғыл билет іздесеңіз де, 13 мың теңгеге шығады. Ал орта есеппен айына 2 млн теңге табыс тауып отырған америкалықтар үшін ішкі рейстер тіпті қолжетімді. Вашингтоннан Майамиге жету үшін тұрғындар 35 мыңнан 100 мыңға дейін ақша жұмсайды. Күнкөріс деңгейі жоғарырақ еуропалықтар да көрші елдерге оңай қатынай алады. Лондон-Мадрик бағытындағы ұшақ билеті 15 мың теңге тұрады.