Бұқар жырау ауданының тұрғыны Батыр Дәрменов өзінің жылыжайында өскен қиярын тонналап саудаға шығаруда. Ол пайызы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, бүгінде бизнесін аяққа нық қойған. Енді кәсіпкер жылыжайды кеңейтіп, қызанақ өсіруді қолға алмақ. Өңірде өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы ұйымынан несие алған 600 адам өз ісін дөңгелетіп отыр. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы сол өңірден.
Батыр Дәрменов 2018 жылы жылыжай салып, қияр өсіруді қолға алған. Бір жылда-ақ 160 тонна өнім алды. Алайда, кәсіпкер мұнымен шектелмеді. 2022 жылы тағы бір жылыжай салып, өнімін үш есе арттырды.
Батыр Дәрменов, кәсіпкер:
Біз жылына 400-450 тонна өнім аламыз. Келешекте тағы бір жарым гектар қосып, 1000 тоннаға дейін жеткіземіз деген планымызда бар. Жұмыс істеймін деген кісіге өте ыңғайлы. Біз 150 млн кредит алғанбыз, ал қазір біздің проектіміз 430 млнға тұрады.
Жылыжайда ылғалды қадағалайтын құрылғы орнатылған. Тіпті, компьютердің көмегімен іштегі температура мен жердің құнары да бақыланады. Тамшылатып суғару әдісінің арқасында су да тиімді, әрі үнеммен жұмсалады. Барлық жұмыс автономды түрде жүзеге асады. Тек жиын-терім уақытында қосымша жұмыскерлер жалданады. Осылайша заманауи технология көмегімен бағбан сапалы өнім алуға қол жеткізген. Бұл жерден шыққан қиярға Қарағандыдағы сауда орындарынан сұраныс зор.
Нұрхан Пардабаев, агроном-технолог:
Бұл қиярдың танто деп аталатын сорты. Біреуінің салмағы 200 граммнан артық болады. Ұзындығы 20-25 см. Заманауи технология көмегімен осындай біркелкі өнім аламыз. Жылыжайымыз қысы-жазы жұмыс істейді.
Енді кәсіпкер қызанақ өсіруді қолға алмақ. Алдағы уақытта жылыжай санын арттырып, тағы 70 орынға жұмыс орнын ашпақ. Ол үшін тағы пайызы жеңілдетілген несие алады. Жалпы облыс бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы ұйымынан 2022 жылдың өзінде 600 кәсіпкерге 20 млрд теңге көлемінде несие рәсімделген. Соның негізінде түрлі бизнес жобаларын іске асырған.
Руслан Нұрланұлы