Агросалаға кешенді қолдау қажет - шаруалар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агросалаға кешенді қолдау қажет - шаруалар

26.02.2023

Қазақстанда көктем сайын көтерілетін екі негізгі тақырып бар: су тасқыны және егістік. Алғашқысына қатысты деректер кейінірек. Екіншісіне тоқталайық. Қазір диқандардың бар ойы: егістікті уақытында әрі мейлінше бейнетсіз бастау. Агроөнеркәсіп кешенінде түйткіл аз емес. Осы аптада Ақордада сол мәселелерге арналған жиын өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесіп, саланы дамыту үшін не қажет екенін кәсіпкерлердің өздерінен сұрап білді. Сол жиынға қатысқан бизнесмендердің бірі Ұлттық арнаға берген сұхбатында да ұсыныстарын айтты.

Кәсіпкерлер Президентке шикізатты терең өңдеу, жаңа өнімдерді өндіру, қант саласын дамыту, тұқым, мал шаруашылығындағы түйткілдерді жеткізген көрінеді. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қаражат бөлу мен пайдаланудың тиімділігі, жер және су ресурстарын әділ бөлу мәселелері де көтерілген екен.

Жиыннан соң Ауыл шаруашылығы министрі Ұлттық арна тілшісіне қазір Сенатта арнайы заң жобасы қаралып жатқанын айтқан. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, құжат наурыздың соңына дейін қабылданады. Ол осы агрокешеннің дамуын тежеп тұрған бірқатар мәселені шешуі тиіс. Ал дәл қазір оңтүстіктегі диқандар үшін қажет арзан жағармайдан проблема болмайды деп сендірді.

Осы, ресми тілмен айтқанда, арзандатылған жанар-жағармай оңтүстіктегі шаруаларға тезірек жетсе екен. Өйткені ол жақта егістік науқаны басталып кетті. Ал диқандардың кейбірі оған кірісе алмай отыр. Шаруалардың мәселесі шаш етектен. Қаңтардың соңында жылыжайлары құлап, көкөнісі үсіп қалған кәсіпкерлер туралы «Апта»-да көрсетілді. Түркістан облысына көмір жетпей, күн күрт суытып, шаруалар шығынға батты. Ол кезде экономистер бұл жағдайдың салдарын жазда көреміз деген еді. Көкөніс қымбаттайтынын айтып... Сол шаруалардың көктемгі хәлін Айнұр Ақбаева біліп қайтты. Сюжетте мақташылардың да мәселесі бар. Олардың проблемасы басқа. Бірақ барлық шаруаның айтып отырғаны бір: агросалаға кешенді қолдау қажет. Сондықтан еңбек адамдарын бөліп-жаруды жөн көрмедік.

Елімізді жыл он екі ай қажетті көкөніспен қамтамасыз ететін Түркістан облысының шаруалары биыл көктемгі егіс жұмысын кеш бастады. Өнімдерін үсік шалып, жылыжайлары құлап, қыстан қысылып шыққаны тағы бар. Бірінің қаражаты болмай, жерін жыртып үлгермеді. Көшеттері өсіп кетіп, қызанақ пен қырыққабатты жылдағыдан кеш екті. Сарыағаш пен Келес аудандарында жылыжай шаруашылығымен айналысатындардың жағдайы мүлде қиын.

Айнұр Ақбаева, тілші:

Ораз ата ауылындағы шаруа қожалығының екі жарым гектар жылыжайы қыста қарды көтере алмай, құлап қалды. Себебі шаруалар керек кезде көмір таппай қалған. Салдарынан қожалық 200 млн теңгеден аса шығынға батты. Жылыжайдың құрылыс материалдары жарамай қалған соң, оны бұзып тастап, орнын тазалауға тура келіп тұр.

Қожалық мүшелері енді жылыжай орнын тазартып, ашық алаңға қырыққабат егуді жоспарлап отырғанын айтады. Алайда ол жұмыстарды атқаруға қаражат қолбайлау дейді. Жылыжайға егеміз деген қызанақ көшеттерін сатып, жұмысшыларды шетінен босата бастапты. Өйткені жергілікті билік тарапынан уәде етілген көмектердің бірі де көрсетілмеген.

Мейірбек Нұрмышев, шаруа қожалығының басқарушысы:

Жеңілдетілген несие береміз деді, жәрдем береміз деді басында. Барлығы айтқан айтқан күйінде қалып кетті. Ешқандай көмек алған жоқпыз әлі. Қазіргі кезде жүз адам жұмыссыз қалып отыр. Біздің де оларға істетіп, ақысын беруге қаражатымыз болмай отыр, шындығы. Көмек болса біз осыны қайтадан тұрғызуға әрекет жасайтын едік. Қайтып жұмысқа адамдарды тартар едік.

Сарыағаштық диқандардың да сары уайымы - қаржы. Жылыжайлары құлап, шығынға батқан. Күн күрт суытқаннан жұмысы тоқтаған шаруаларға жауаптылар қолдау көрсетіледі деп сендірген.

Данияр Қалтаев, «Ұлттық мақта өсірушілер мен диқандар» бірлестігінің жетекшісі:

Жауапты мамандармен жолыққан кезде олар бізге айтты кредиттеріңізді демалыс береміз деді , бір жылға деді. Бірақ ол несі болған жоқ, демалыс болған жоқ. Төлеу керек екен. Бізге қазір сондай банктен хабар келіп жатыр. Төйлейсіздер деді оны. И арзандатылған төмен пайызбен несие береміз деген. Ол несие де берілген жоқ. Біз амал жоқ, өз күшімізбен өнімді өзіміз егіп жатырмыз. Мысалы үшін қияр, қызанақтың көшеттері үсіп кеткен болса, оның орнына біз басқа дақылдар егіп жатырмыз.

Соңғы бес жылдан бері жылыжайларға субсидия беру тоқтатылған. Сондықтан диқандардың бұл қиындықтарды еңсеріп, аяққа тұрып кетуі қиынға соғып тұр. Ауылшаруашылығы саласында министр ауысқан сайын түрлі өзгерістер енгізіліп, белгілі бір жүйе қалыптаспай келеді дейді. Салдарынан қымбатшылық қысып, шаруалар да өнімін қымбатқа сатуға мәжбүр болады.

Нұрсұлтан Қуанышбаев, шаруа:

Диқандарда сенім қалмады да. Сол үшін он жылдық бағдарлама болса, біз әжептеуірім үлкен дамимыз. Өнімдерді қалаған өнімдерді шығарып бере аламыз. Мұның бәрі тек қолдау керек бізге. Қазіргі уақытта ешқандай қолдау жоқ бізге. Абсолютно қолдау жоқ бізге. Қолдау жағынан жаңа айтып өттік, үш мәселе - аборотный кредит аз пайызбен, субсидия енгізу керек бізге. Қазір көмір мәселесі и шетелден келетін арзан и сапасыз өнімдерді шектеуге.

Ал Жетісай ауданында шаруалар жердің сорын дер кезінде шая алмағандықтан көктемгі егіске кірісе алмай отыр. Қажетті судың болмауынан мақталық алқаптың тұзы бетіне шығып кеткен. Сондай-ақ, дренаждар істемей, тұзды су жайылып кеткен. Өзекті мәселе жылдар бойы шешімін таппай келеді дейді дергілікті халық.

Өскенбай Ахов, шаруа:

Айналамыздағы егістік алқаптың бәрі уақытында еге алмайды. Мына жерасты сулары көтеріліп кетеді да, майдың аяғы, июнь айының басында егеміз. Мақтамызды уақытында еге алмаймыз. Өйткені ана тамырын қияды тұзды су. Сол себепті уақтысында қосып берсе осынығ өз алдына қашыртқы қазып, осыны айтып жүргенімізге үш жыл болды үш жыл.

Мырзашөл өңіріндегі шаруалар да шырылдап отыр. Оларда басқа проблема: басым көпшілігі күзде өткізген мақтасының ақшасын зауыттардан ала алмай жүр. Салдарынан жер жыртуға ақша жоқ.

Өтеміс Ізтұрғанов, шаруа:

250-ден деп бағаны шешті, оны да берген жоқ. Ендігі апта, ендігі апта, ендігі апта уже көктем келді. Жер айдалған жоқ әлі, суға ақша төленген жоқ. Ештеңе алған жоқпыз әлі. Қарызымыз бар, оны берген жоқпыз әлі. Бүкіл ауылдың бәрі отыр. Екі жүз гектар жері бар ұжым бар, ол да алған жоқ әлі.

Аймақта 860 мың гектар егістік алқап бар. Соның 7,5 мың гектарына ерте пісетін қырыққабат, 12 мың гектар сәбіз, пияз, картоп егу жоспарланған. Десе де, көктемгі дала жұмысы бойынша кейбір аудандарда көрсеткіш төмен екенін өңір басшысы айтып, сынға алды. Жаздық дақылдарға арналған алқаптарды әзірлеу мен сор шаю жұмысын жеделдету керек деді. Шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болсын деп тапсырды. Тапсырма Астанадан да түскен еді. Диқандар қаржылай көмекті күтіп жүр. Бірақ қыстыгүні зардап шеккен жылыжай иелеріне несие беру бойынша құжаттар әлі дайын емес екен.

Ақтөре Әлібекұлы, Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім маманы:

Зардап шеккен жылыжай шаруашылықтарын қолау мақсатында қаржы ұйымдарының алдындағы берешектерін ұзарту мүмкіндіктерін қарастыруды және несие қаражаттарын бөлу мүмкіндіктері туралы ұсынылды. Бүгінгі күнге "Агро несие корпорациясы" акционерлік қоғамы арқылы зардап шеккен несие алған тауарөндірушілерге, тауарөндірушілердің құжаттары жинақталуда. Тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Яғни, «Аграрлық несие корпорациясынан» қосымша 4 млрд теңге қаржы қажет екені анықталып, ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс енгізілген. Оны алу үшін шаруаларға тағы біраз күтуге тура келеді. Ал, өзге банктерге несиелер мерзімін шегеру мәселесі әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Жетісайдағы мақтаның ақшасы да шаруаларға қашан төленетіні белгісіз күйінде қалып отыр. Себебі зауыт қожайындары жиналған өнімді сатпағанын, трейдерлік компанияларды күтіп отырғанын жеткізді. Сондықтан мырзашөлдегі диқандар да егістік жұмыстарын қашан бастайтыны беймәлім. Түркістандық шаруалар үшін әйтеуір бір жақсы жаңалық бар: арзандатылған жанар-жағармай биыл кешікпей жетуі тиіс,- дейді мамандар.

Мадияр Әшірбаев, Келес аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда біз ауыл әкімдерінен осы жанар-жағармайды қажет ететін шаруа қожалықтардың тізімдерін жинап, сол тізімді ұсынған шаруа қожалықтарына нақты дизель отынын жеткізіп беретін жоспарымызды жасап жатырмыз. Үш оператор белгіленді, әрқайсысынан алынатын дизель отынының көлемдері белгіленген. Нақты тізім жасалып болғаннан кейін, біз бере береміз ары қарап.

Қазір диқандардан жеңілдетілген жанар-жағар май мен тыңайтқыш алуға өтінім gosagro.kz веб порталы арқылы қабылдана бастаған. Яғни, барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі арқылы тегін жүргізіледі. Шаруалар бұл жаңалыққа қуанғысы келеді. Енді «жылдағы жағармай тапшы, субсидия жоқ» деген мәселелерден арылтса ғой, - дейді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу