Елімізде 80 мыңға жуық зейнеткер еңбек етіп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 80 мыңға жуық зейнеткер еңбек етіп жүр

27.02.2023

Елде соңғы үш жылда зейнет жасындағы адамдарды еңбекке тартудың үлесі 27 пайызға өскен.

Бұл- Статистика комитетінің дерегі. Бүгінде 65 жастан асқан 80 мыңға жуық еңбек ардагері әлі жұмыс істеп жүр. Мәселе зейнеткерлердің еңбек қабілеттілігінде емес, олардың ізін басатын жас мамандардың тапшылығында болып отырған көрінеді. Қай салада кадр қат, тілшіміз Әділбек Серікұлы зерделеп көрді.

Қостанай облысында 457 мың гектар жер - орман шаруашылығының тікелей бақылауында. Мұндағы мамандардың дені зейнет жасындағылар. Өйткені орманшылар тапшы. Қазірдің өзінде алып аумақты қамтуға 300-ге жуық маман қажет.

Болатбек Табылдин, Орман шаруашылығын қорғау инспекциясының бас инженері:

Кадрлар кетіп жатыр. Жастар көбісі жұмыс істемейді. Әсіресе, біздің патриоттар дейміз ғой ақсақалдар, шалдар жұмыс істеп жүрген солар.

Көкшедегі сүт өңдейтін кәсіпорынның инженері Серік Сәменовтің зейнетке шыққанына бірнеше жыл болған. Бірақ, ардагер маман әлі күнге дейін цехтағы қондырғыларды тексеріп жүр. Еңбек өтілі 40 жылдан асқан 66 жастағы инженер, жастар келсе білген-түйгенін үйретіп, ендігі жерде бейнеттің зейнетін көрсем дейді.

Серік Сәменов, инженер:

Біздің мамандыққа қазір жастар тапшы. Еңбек етуге келгендер көп жұмыс істемейді. Бір-екі айдың ішінде қайтадан кетіп қалады. Мен сұраныс бойынша әлі де еңбек етіп жатырмын. Орныма қалдыратын жастар табылмай отыр.

Жалпы статистика комитетінің мәліметінше еліміздегі зейнет жасындағы еңбеккерлердің басым бөлігі солтүстік аймақтарға тиесілі екен. Мәселен:

Қостанай облысында 20,9 мың адам. Ақмола обл. 20 мың, Солтүстік Қазақстанда 10,8 мың, Павлодар облысында 10,4 мың зейнеткер еңбек етіп келеді.

Себебі жалақы мардымсыз болғандықтан жастар ауылдан қалаға ағылады. Бірақ қалада да оларға жайлы жұмыс бұйыра бермейді. Өйткені тәжірбиесі аз мамандарды жұмысқа қабылдауы екіталай.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

Қазақтың алтын бесігі ауыл. Біз сондықтан ауылды ойлап, сол ауылдың жер мәселесінде, баға мәселесінде, субсидия мәселесінде ауылға жәрдем бермесек дипломмен ауылға деп үгіттегеннен ештеңе болмайды. Оларды материалдық, яғни ақшамен ауылда жұмыс істесең бай боласын деп қана оларды ынталандырсақ болады.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде 23 пен 35 жас аралығындағы 12 мың азамат ресми жұмыссыз ретінде тіркелгенін айтады. Бірақ, екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жастардың ауылға барғысы жоқ.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Сарапшылар ауылдағы жұмысшының табыс көзін арттырмай бұл мәселені шешілуі екіталай деп отыр. Яғни, ауыл-аймақтағы маман тапшылығы әлі де өзекті болып қала бермек.



Хабарламаларға жазылу