АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық рекордтық көрсеткішке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық рекордтық көрсеткішке жетті

28.02.2023

АҚШ-тың Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы былтыр 9 айдың өзінде бес млрд доллардан асқан. Яғни, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 %-ға жуық артты. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты өзара сауда экономикалық қарым қатынас әлі де беки түсетін секілді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Екі ел арасындағы сауда байланысы былтыр елеулі нәтиже көрсеткен. Тауар айналымы 37% пайызға өсіп, 3 млрд доллардан асқан. Еліміз негізінен мұнай, металл бидай өнімдерін экспорттаса, АҚШ-тан автокөлік, қондырғылар, құс еті, дәрі-дәрмек, вакцина секілді түрлі тауарларды сатып алады.

Ержан Ашықбаев – Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Америкаға келетін импорт Американың Қазақстанға жасаған экспортынан 1,5 млрд доллардан асып түсіп отыр, яғни профицит біздің пайдамызға.
Тек сауда саттықпен шектелмей, Қазақстанға қаржы құйып, жаңа бизнес көздерін ашуға ниетті АҚШ компанияларының қатары көбейді. Оған тікелей тартылған инвестиция көлемінің артуы дәлел. Былтыр америкалық кәсіпкерлер еліміздің экономикасына шашамен алты миллиард доллар құйған. Бұл соңғы отыз жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Cергей Грецкий, Джорджтаун университеті сыртқы саясат академиясының директоры:
Қазірдің өзінде көптеген шетелдік фирма өз өндірісін Ресейден Қазақстанға көшіріп жатқанын көріп отырмыз. Олардың серіктестерінің де Қазақстанда өндіріс бастауға қызығушығы артып келеді. Өйткені Қазақстан енді тек Орталық Азия аймағын ғана емес, сонымен бірге Ресей, Беларусь пен өзге де елдерде шығарылған өнімдерді өткізу нарығының ірі аймақтық орталығына айналатынын барлығы түсініп отыр. 

Бизнестерін көрші елден шығарып, Қазақстанға ауыстырып жатқандардың ішінде IT-технологиялары, денсаулық сақтау салаcы қондырғыларын жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу компаниялары бар. Сондай-ақ, америкалық бизнес баламалы энергия көздерін дамытуға, жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге және білім беру салаларындағы тың жобаларды жүзеге асыруға қаржы құймақ. Яғни, инвестиция әдеттегідей тек мұнай газ жүйесіне ғана құйылмай, тың салаларға да түрен салына бастады.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу