Екібастұзда 50-ге тарта адамға мемлекеттік марапат табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда 50-ге тарта адамға мемлекеттік марапат табысталды

01.03.2023

Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде аянбай еңбек еткен 19 адам бүгін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Тағы 27-сі Президенттің алғыс хатына ие болды. Олардың дені дәнекерлеуші, сантехник және электриктер. Былтыр қараша айында жылу желісіндегі апаттың салдарынан шағын шаһардың халқы айлар бойы жылусыз қалған еді. Жаураған жұрт жылынды ма? 

Барлық екібастұздықтар сияқты Жанна Құдайбергенова да бұл көктемді ерекше күтті. Күн райы жылынған соң бүгін айлар бойы бос тұрған пәтерін көруге келді.

Жанна Құдайбергенова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Енді біз қыс басталғалы ата-енемнің үйіндеміз. Ол үйде пеш жақсы болды. Балаларым мына үйде ауырып шықты қыс бойы. Бүгін 1 наурыз ғой, көктем келді. Ойлаймыз енді өз үйімізге келіп тұратындай бір ойымыз, үмітіміз бар.

Үй суық болғандықтан тұрғындар әлі тоқ пеш қосып отыр. Монополист компания желтоқсан айындағы электр қуатының төлемақысы үшін 240 млн теңге аударды. Бірақ қаңтар мен ақпанда да жылу там-тұмдап қана берілді. Енді екі айдың электр энергиясына төлемді қайта есептеу мәселесі қарастырылмақ. Ал қазандықтар жылыту маусымы аяқталған соң ғана толық жөнделеді. Қазір қала ішіндегі қазылған жерлер бекітіліп, құбырлар жылу ұстағыш материалдармен қапталды.

Төрт ай бұрын, шағын шаһардағы үлкен апаттың салдарын жоюға аймақтардан 700-ден астам жөндеу бригадалары келген болатын. Қарашаның аязында жаураған Екібастұз халқына қол ұшын созған қарапайым жұмысшылардың еңбегі бүгін елеусіз қалмады.

Аманбай Нұрмағамбетов, дәнекерлеуші, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері:

Маған алғыс айтып отыр. Мен өзім осы халқыма алғыс айтамын. Бірінші күннен апат басталғаннан түнде бір ұжым болып келдік. Бір адам бармаймын деп айтқан жоқ. Бәріміз жұмысқа кірістік. Сол басталғаннан аяғына дейін осылай қалаға күллі халықты жылыту үшін жанталасып жансалдық.

Ришат Әміренов, Қазақстанның Еңбек Ері:

Осы қарапайым еңбек адамдарының марапатталып отырғанына мен өте қуаныштымын. Және осы Екібастұз қаласы тұрғындарының барлығына алғысым шексіз. Өйткені, қанша суық болсада ешқандай абыржып, дағдарысқа кірмей барлығына түсіністікпен қарап, осыған шыдап берген халқыма, Екібастұз тұрғындарына алғысым зор.

50-ге тарта адамға мемлекеттік марапат табысталды. Көктемнің алғашқы күнінде алғысқа бөленген жандардың бәрі де нағыз еңбек адамдары.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу