Алматыда нысандардың зілзалаға төзімділігі тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда нысандардың зілзалаға төзімділігі тексеріледі

01.03.2023

Түркиядағы жойқын апаттан кейін Алматыдағы барлық ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігі тексеріледі. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин ол үшін жапон мамандарын тарту жоспарда бар екенін айтты. Себебі, мегаполис 10 балға дейін зілзала болуы мүмкін сейсмикалық қауіпті аймақта тұр. Табиғи апат орын алған жағдайда тұрғындар дайын ба? Құрылысқа талап күшейтіле ме?

Мамандар қалада дабылдың дыбысын естіген сәтте тұрғындар қорғануға әрекет етуі тиіс екенін айтады. Бұған дейін қауіпсіздікті арттыру мақсатында 800 мың адам оқу-жаттығудан өткен. Табиғи апат бола қалған жағдайда халықты қабылдайтын 400-ге жуық орын белгіленген.

Ерлан Әлібеков, қалалық тжд басшысының орынбасары:

Былтыр 3500 сейсможаттығулар өткізілді. Желтоқсан айында жалпы қалалық сейсможаттығу өтті. Биыл ондай жаттығу сәуір және қыркүйек айында өткіземіз деп отырмыз.

Мегаполисте 2002 жылдан бері дірілдету әдісімен 15-тен аса ғимаратқа сынақ жүргізілген. 10 мыңнан аса нысанның сеймикалық беріктігі тексеріліп, олардың 30 %- жер сілкінісіне төтеп бере алмайтыны анықталған.

Ералы Шоқпаров, «ҚАЗҚСҒЗЖИ» АҚ басқарушы директоры:

Әлеуметтік нысандарды күшейту жүріп жатыр. Ал, тұрғын үйлерде күшейту жұмыстары жасалмайды. Өйткені, ол күрделігіне байланысты . Мысалы, кірпіш үйді алатын болсақ ол үйдегі тұрғындардың бәрін шығарып, сосын барып күшейту жұмыстарын жасау керек.

Алматы – Еуразия материгіндегі сейсмикалық ең қауіпті аймақтардың бірі. Түркиядағы зілзаладан кейін қала тұрғындары қауіпсіздігіне алаңдай бастаған. Десе де мамандар, жыл соңына дейін 7 балдан асатын жер сілкінісі болмайды деп болжам жасап отыр.

Руслан Жанұзақов, сейсмология институтының қызметкері:

2023 жылға қауіпті, айтарлықтай қауіпті жер сілкінісі болмайды деп болжам беріп отыр. Оны біздің арнайы мамандар әр сәрсенбі күні құзіретті органдарға 200-ден аса әдістемелер мен параметрлер бойынша өлшем жасап, оны жіберіп отырады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қазір Алматыда тұрғын үйлерді қоспағанда 1500-ға жуық әлеуметтік нысан бар. Қала әкімдігі жақында құрылыстардың жер сілкінісіне төзімділігін күшейту туралы талапты мақұлдады. Бұл нормалар енгізіліп, күзден бастап күшіне енеді деп жоспарланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу