«Qazaqstan» телеарнасының 65 жылдығы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» телеарнасының 65 жылдығы аталып өтті

03.03.2023

Бүгін Қара шаңырақ – Қазақ телевизиясының 65 жылдығы атап өтілді. Мерейтой қарсаңында салада талай жыл тер төккен ардагерлер марапатталып, құрметке бөленді. Салтанатты жиынға ұлттық арнада әр жылдары қызмет еткен азаматтар қатысты.

Ал бұл құндылықты дәріптейтін күш – телеарна. Телевизия - қоғамның мақсат-мүддесін бір арнаға тоғыстырған қуатты қару. Көрерменге үздіксіз хабар тарататын «Qazaqstan» ұлттық арнасы бұл жауапкершілікті 65 жылдан бері арқалап келеді.

Телеарнада әр жылдары еңбек еткен мамандар – телевизия мектебінің қалыптасуына атсалысқан азаматтар. Салтанатты жиында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Арнада қазір жұмыс істейтін жүргізушілерімен бірге сахнаға шығып, концерт те жүргізді. Жиынға қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президенттің құттықтау хатын жеткізді.

Ерлан Карин, Қр Мемлекеттік Кеңесшісі:

Қазақстан тележурналистикасының жылнамасы осы арнадан бастау алады. Алғаш құрылған күннен бастап халыққа қызмет етуді маңызды миссиясына айналдырған Ұлттық арна ұжымы бұл міндетін абыроймен атқарып келеді.

Ұлттық арна қазір халықты әр кезеңде өркениетке ілестіре алған қоғамның айнасына айналды. 12 жылдан бері тек қазақ тілінде хабар тарататын телеарна заман өзгерісіне қарай бағытын түзеді. Келешекке қойған жоспары да аз емес. Бірақ әрбір жетістік – еңбегі сіңген әр қызметкердің үлесі,- деді корпорацияның басқарма төрайымы.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» Телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы:

Кез келген жетістігіміз де, жаңашылдығымыздың артында 65 жыл бойы еңбек еткен әрбір телевизия маманының, әрбір қызметкердің үлесін, еңбегің көреміз. Және өте жоғары бағалаймыз. Біздің басты міндетіміз тек жоғары сапалы эфир жасап қоймай, 65 жылдық тарихты да, алтын қорды да жақсылап сақтап, болашаққа жеткізу.

Ұлттық арнадан шыңдалып шыққан маман көп. Қара шаңырақта жылдар бойы еңбек еткен азаматтар қазір шәкірт тәрбиелеп, телевизия мектебін күшейтуге үлес қосып жүр.

Нұржан Мұхамеджанова, журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Қазір ұлттық арна өзінің нағыз кәсіби деңгейінде, бабында. Қазақтілді көрермен арасында көрсетілім жағынан, рейтинг жағынан бірінші орында тұр. Бұл үлкен жетістік.

Мерейтой қарсаңында ардагерлер кеудесіне «Еңбек ардагері» медалін тақты. Сонымен бірге «Қазақ телевизиясына 65 жыл» мерейтойлық медалі де табысталды. «Qazaqstan» телеарнасында қазір қызмет етіп жүрген бірқатар маман «Ақпарат саласының үздігі» атанды.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Ұлттық арна – қазақ телевидениесінің ұлағатты ұстаханасы, құтты қара шаңырағы. Осыдан 65 жыл бұрын көрерменге жол тартқан телеарна біздің ұлттық рухымызға қызмет етті. Ұлттық арнаны телеарнаның эпопеясы деп айтуға болады. Онда әрқайсысыңыздың қолтаңбаңыз бар.

Телеарнада бақытын тауып, шаңырақ көтерген жұп та аз емес. Соның бірі - Ласкер Сейітов Пен Мәриям Айымбетова.

Ласкер Сейітов, Қазақ телевизиясының ардагері:

Алтын шаңырақтың бергені көп. Соның бірі мен жарымды таптым телевизия арқылы. Қазақ телевизиясының 65 жылдығы құтты болсын. Көрермендерді сапалы хабарлармен қуанта берсін.

Мәриям Айымбетова, Қазақ телевизиясының ардагері:

Алғаш біздің комсомолдық тойымыз да осы телевидениеде болған. Алтын шаңырағымыз, өсіп өнгеніміз. Табыстар тілеймін сіздерге.

Телевизия ардагерлері ұлттық арнаның студияларын аралап, ауыр камера мен сымды микрофонның орнына келген сан қырлы техниканың мүмкіндігімен де танысты.

Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу