Жетісу облысында орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде аң-құс көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде аң-құс көбейіп келеді

04.03.2023

Жетісу облысында орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінде аң-құс көбейіп келеді. Қазір ерекше қорғалатын аумақта 3500-ге жуық құлан бар. Ал қарақұйрық саны 5600-ден асты. Сондай-ақ бұл жерде теке мен арқардың да өсімі байқалады. Биыл парк қызметкерлері басқа резерваттарға құлан жіберіп, өздері шетелден Прежевал жылқыларын алдырмақ.

Мемлекеттік инспектор Бақтыгерей Әсетовтың бұл салада еңбек етіп жатқанына 16 жылдан асты. Күнделікті өзіне бекітілген аумақты аралап, мұндағы аң-құсты торып, бақылау жүргізеді. Биыл қыс қатты, қар қалың болғандықтан түз тағысына жем-шөп те салып тұрады. Табиғатқа деген махаббат қорықшы болуыма өз септігін тигізді дейді, Шыған кардоның инспекторы.

Бақтыгерей Әсетов, мемлекеттік инспектор:

Аңды көзбен көріп, құстарды көзбен көріп, соның бәрі өзіме бір қызық боп көрінеді. Сондайымен осы сала өзіме ұнайды да.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Бұл Прежевалський жылқылары Алтынемел ұлттық паркіне осыдан 20 жыл бұрын әкелінген болатын. Қазір ақырындап жерсініп, төл бере бастады. Ал бұл қорада уақытша ғылыми зерттеу бағытында қамалып тұр.

Биыл Алтынемелге Словакиядан осы жабайы жылқының 60 басын әкелу жоспарланған. Қазіргі таңда келісімдер жүргізіліп жатыр. Ал басқа да түз тағыларының парк аумағында көбеюінің тағы бір себебі Алматы-Талдықорған тас жолы. Екі шаһарды жалғаған республикалық маңызы бар жолда бірде-бір экологиялық өткел жоқ.

Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» МҰТП бас директоры:

Қазір автобан салынғаннан кейін ортасына разделительный салып тастады да, аңның миграциясы тоқтап қалды. Бұрында қарақұйрықтар Бақанас жаққа құмға ауып, қыстап бері келетін.

Миграция болмағаннан кейін аң бір аумаққа үйреніп, кейінгі төлдер табиғи көшуін доғарады, дейді мамандар. Экологиялық өткел салу мәселесі таяуда сенатта да көтеріліп, Үкіметке депутаттық сауал жолданды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу