Қарағанды қаласының Күнгей шағын ауданында бірде-бір мектеп жоқ. Балалар ең жақыны 2 шақырым жердегі мектептерге барып оқиды. Алайда жарықсыз қараңғы, бұралқы иттері көп көшелермен баласын сабаққа жіберуге ата-аналар қорқады. Жалпы өңірде мектеп тапшылығы бар.
Күнгей шағын ауданында қазірдің өзінде 15 мың халық бар. Салынып жатқан тұрғын үй саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен мұнда әлі күнге бірде-бір мектеп жоқ. Балалар қаланың басқа аумағындағы мектептерге барып оқиды. Алайда аялдамаға да жету оңай емес. Себебі онсыз да қараңғы көшелерге асфальт төселмеген. Қаңғыбас ит те қаптап жүр.
Назгүл Терлікбаева, қала тұрғыны:
Ит дегеніңіз екі баланы Күнгейде қапты. Біреуінің бетін жұлып алды, біреуінің аяғын жұлып алды. Басқа жерден де мектеп салынса, 15 мың тұрғыны бар осы Күнгейге 3-4 мектеп керек.
Автобус Күнгейдің сыртындағы аялдамаға ғана тоқтайды. Оның өзі сирек жүреді. Көлігі барлар баласын өздері апарады. Қалғаны такси жалдайды немесе жетектеп жаяу апарады.
Жылдар бойығы сең енді қозғалды. Күнгейде күні кеше жаңа мектептің құрылысы басталды. Мұнда 600 орындық мектеп бой көтереді.
Мұрат Мағзин, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Мердігер бүгінгі күні анықталды. Қазір енді қазу жұмыстары басталып жатыр. Бұл мектепте келер жылы 1-ші қыркүйекте тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Қарағанды облысында осындай жаңа білім мекемесін күтіп отырған елдімекен көп. Себебі ауыл-аймақтағы мектеп ғимараттарының 80 пайызы ескі. Екеуі тіпті апаттық жағдайды тұр. Бір мектепте балалар 3 ауысыммен оқып жүр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы негізінде Қарағанды облысында 18 білім ошағы салынып бітуі тиіс. Оның 10–ны шұғыл қажет болғандықтан құрылысы биыл басталады. Бұл–өңір мектептеріндегі үш ауысымдық, апаттық және орын тапшылығы мәселелерін шешуге сеп болмақ.
Руслан Нұрланұлы