Екі ғасырдың оқиғасын бір арнаға тоғыстырған, екі ұлттың достығын дәріптеген «Больше чем любовь» туындысы көрермен назарына ұсынылды. Грузия мен Қазақстан киношеберлері бірігіп түсірген фильмді көрермен көптен күткен еді. Халықаралық кинокартинаның премьерасына тілшіміз барып қайтты.
Оқиға желісі Ұлы Отан соғысынан басталады. Бірге қан майдан кешкен қазақ және грузин тыңшысы тұзаққа түсіп, қазақ әскері өз жанын қиып, қарулас досын құтқарып қалады. Жан тапсырар алдында екеуі қыз алып, қыз берісуге уағдаласады.
Тәуекел Мүсілім, актер:
Киноның бастамасы өте керемет. Бір-бірне деген адалдық, достықты көрсетеміз. Шетелде жұмыс істеу тамаша. Деңгейі, жұмыс әдісі, түсірілім әдісі әртүрлі. Сол үшін бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды.
Фильмнен елімізге танымал Фархад Әбдіраимов, Төлепберген Байсақаловты, сонымен қатар Вахтанг Кикабидзе сынды атақты грузин актерін көруге болады. Туында 2 елдің Тблиси, Батуми, Алматы сынды бірнеше ірі қалаларында түсірілген. Екі жылға созылған пандемияға байланысты шығармашылық топ түсірлім барысында біраз қиындықтарға тап болған.
Азамат Мұратов, туындының желілік продюсері:
Мәдени жағынан көпір салуды мақсат еттік. Бізге грузин жағынан үкімет көмектесті. Біз жақтан да әкімшілік қолдау көрсетті. Сөйтіп түсіріп шықтық. Киноның мазмұнын айтпай-ақ қояйын. Көрермен өзі келіп, көрер. Өте қызықты әрі мағыналы кино.
Айта кету керек, бұл фильм – танымал актер Фархат Абдраимовтың соңғы түскен картинасы. Грузин актері Вахтанг Кикабидзе де жуырда қайтыс болды. Туынды продюсерлерінің сөзінше, фильм алдағы уақытта ТМД елдерінде де көрсетіледі.
Нұрсұлтан Тілектес