БҚО-да 10 мың тұрғын сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да 10 мың тұрғын сусыз қалды

10.03.2023

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Чапаев кентінде екі мыңнан аса тұрғын үй сусыз қалды. Ауылда 10 мыңнан аса тұрғын бар. Сондықтан, жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қазір ауыз су кестемен беріліп жатыр. Әріптесім Ардақ Мұратқызы апаттың себебін білуге тырысты.

Чапаев кентінің байырғы тұрғыны Роза Неталиева төрт жылдан бері суды тасып ішеді. Соңғы жылдары су құбырында апат жиілеп, жағдай тіптен қиындап кеткен.

Роза Неталиева, тұрғын:

Жаңа жылда су болған жоқ. Сырттан тасыдық бәріміз. Мына 4 пен 5-ші қабатқа қатты қиын. Балалары бар. 8 наурызда да болған жоқ. Мені біледі су таситынымды. «Апа, бір шәйнек су берш» деп келіп тұрады. Аяйсың ғо, балалары бар, бересің.

Кентте 10 мыңнан аса тұрғын бар. Дәл мейрам күні тағы құбыр жарылып, 2 099 тұрғын үй, 41 әлеуметтік нысан сусыз қалды. Кенезесі кепкен жұртқа су енді тек кестемен ғана берліп жатыр.

Уасила Бекмағамбетова, Чапай ауылының тұрғыны:

Жертөледе кран бар, содан су тасимыз. Себебі бізге су көтерілмейді. Су сапасыз. Қып-қызыл су. Сол қып-қызыл суды ішіп отырмыз.

Талғат Қайырғалиев, Чапай ауылының тұрғыны:

Қыркүйек аяғында модернизация біткесін қосылады дейді. Біз оған дейін өмір сүруміз керек. Бізге су бүгін керек. Ал болашақта деп төрт жыл бойына айтылып келе жатқан әңгіме.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Апаттың шығуына мына су сорғыштың істен шығуы себеп болған. Ауылдағы үш ұңғымада осындай құрылғы орналасқан. Жалпы аудандағы инженерлік желілердің 80%-ы әбден тозығы жеткен.

Аудандағы су бекеті 80-ші жылдары салынған. Ұңғыма, резервуарынан бөлек, ғимараты да әбден тозып тұр. Судың қысымы да төмен. Кентті толық қамти алмайды.

Тимур Мырзағалиев, ГКП «Жайықтехсервис» басшысының міндетін атқарушы:

Дебиті көтерілмеді. Резервуарға су жиналмай қалды. Графикке көшуге мәжбүр болдық. Әйтпесе су мүлдем жинақталмас еді. Чапайға құбыр бір веткамен келеді. Ауыл басында қысым бар да, соңғы жағында жоқ. Ауыл күніне 750 текше метр су тұтынады. Қазір біз 350-380 беріп тұрмыз кесте бойынша.

Ал ауызсудың лай болатын себебі, су тұндырылып, тазартылмайды. Бірден үй-үйге тарайды. Өйткені, арнайы қондырғы жоқ. Жылдар бойы мәселесі шешілмеген ауыл тұрғындары аудан әкіміне де наразы.

Қалаулы Серікқызы, Чапай ауылының тұрғыны:

Жалпы аудан әкімінің жұмысы сын көтермейді. Сондықтан мен әкім жұмысына нөл қоямын, Қалияр Шадиярұлы.

Біз бұл түйіткілді 2019 жылы да көтерген едік. Мәселе сол күйі шешілмей келеді. Ақыры міне апатты жағдай болып, төтенше жағдай жарияланды. Енді құбырлар тек қыркүйек айында жөнделеді, оған дейін тұрғындарға су кестемен беріледі.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу