Елімізде жаңа Су кодексі әзірленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жаңа Су кодексі әзірленеді

10.03.2023

Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен депутаттардың алдында жаңа Су кодексін әзірлеу міндеті тұр. Бұл туралы бүгін Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты. Бүгінде сумен қамтамасыз ету мәселесі Орталық Азия, оның ішінде біздің еліміз үшін өте өзекті. Қазақстанның бірқатар өңірінде су тапшылығы айтарлықтай сезіледі. Сондай-ақ ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік кешеннің дамуы да көбіне елдің сумен қамтамасыз етілуімен байланысты. Сенат Төрағасы әсіресе, іргелес мемлекеттермен су бөлудің және трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдаланудың маңызына назар аударды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мемлекет басшысы су қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді шешу үшін Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеуді тапсырды. Қазір қолданыстағы Су кодексі 2003 жылы қабылданған. Содан бері оған 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Бұл құжатта су, ең алдымен, өндіріс факторы ретінде қарастырылады. Ал суды үнемдеу, суды үнемді пайдалануды ынталандыру мәселелері ескерілмеген. Сондықтан қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен депутаттардың алдында жаңа Су кодексін әзірлеу міндеті тұр. Ол құжатта су саясатына қатысты жаңа, заманауи тәсілдер ұсынылуға тиіс.
Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу