Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің қайта сайлануы Қазақстан үшін жақсы белгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің қайта сайлануы Қазақстан үшін жақсы белгі

12.03.2023

Осы апта әлемдік саяси аренада біраз маңызды оқиға болды. Солардың бірі – Си Цзиньпиннің Қытай төрағасы болып үшінші мерзімге сайлануы. Халық өкілдерінен құралған бүкілқытайлық жиын депутаттары осындай шешімге келген.

Си Цзиньпин – Қытай тарихында мемлекет басшысы ретінде үшінші мерзімге сайланған алғашқы төраға. Есесіне соңғы 10 жылда тұңғыш рет үкімет басшысы ауысып жатыр. Премьер-министр лауазымына Ли Цянді Си Цзиньпиннің өзі ұсынған. БАҚ-ның хабарлауынша, Си Цзиньпин Қытай орталық әскери кеңесінің жетекшісі қызметін де сақтап қалған.

Қытай төрағасы болып Си Цзиньпиннің қайта сайлануы - Қазақстан үшін де жақсы белгі. Былтыр Астанаға сапарында Қытай төрағасының «Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдаймыз» дегені есте шығар?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпинді Қытай төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдаған. Президент сол сапардың жемісті болғанын атап өтіп, «достас Қытай халқына құт-береке» тілеген.

Айболат Дәлелхан, Қытайтанушы, PhD докторы:

Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас – жекелеген тұлғалардың пайымына қатысты емес. 90-шы жылдардан бері жалғасып келе жатқан тең құқылы, тең деңгейлі қарым-қатынас орнаған. Ал жеке Си Цзиньпиньге келер болсақ, оның Қазақстанға қатысты саяси ұстанымы ерекше. Си Цзиньпиньмен қатар келген «Белдеу мен жол» бастамасы осы Қазақстанда жарияланған болатын. Ал қазіргі мына посткеңестік елдерде болып жатқан күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның маңыздылығы өте артып отыр. Қытайдың экономикалық тұрғыда, тауарларын Еуропаға жеткізуде Қазақстан арқылы транскаспий дәлізінің маңызы артып отыр. Осыны есепке алған кезде Қытайдың Қазақстанға қатысты саяси ұстанымдарынан бір келеңесіздік күту артық болады.

69 жастағы саясаткердің аймақтағы рөлі артып жатыр. Бұған дейін Си Цзиньпиннің Мәскеуге баратыны хабарланған еді. Егер жүзеге асса, Украинада соғыс басталғалы Си Цзиньпиннің Ресейге алғашқы сапары болады. Ресми Бейжің Кремльді Украинада ядролық қару қолданбауға көндіруге тырысады-мыс.

Осы аптада Қытайдың Иран мен Саудияның татуласуына қолғабыс еткенін ескерсек, Ресейге сапарындағы басты мақсат та орындалып қалар?! Таяу Шығыстағы екі қарсылас мемлекет – Сауд Арабиясы мен Иран 7 жыл бұрын дипломатиялық байланысты үзген еді. Бейжіңдегі 4 күндік келіссөздерден кейін қайта жандандыруға уағдаласты.

Хабарламаларға жазылу