Алматыда «Amanat» партиясы митинг ұйымдастырды. Саяси ұйым өкілдері жиналғандар алдында партияның сайлауалды бағдарламасының барлық басым бағыттарын түсіндірді. Жалпы сайлау науқаны аясында Аманат 1000-ға жуық іс-шара өткізген. Соңғы кездері мегаполисте ауа ластанып кеткен. Жиылғандармен осыны шешу жолдары және заңсыз бөлінген 18 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері талқыланды.
«Ауыл» партиясының оңтүстіктегі жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бүгін кандидаттар Түркістан өңірінің халқымен кездесті. Саяси ұйым өкілдері облыс орталығындағы басты алаңдардың бірімен жүріп өтіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Жергілікті диқандармен және мақта өсірушілермен әңгімелесті.
Ерубай Дуанаев, «Ауыл» партиясының өңірлік штабының басшысы:
Бұл саяси науқанның маңыздылығы бүкіл сайлаушылардың сайлауға деген сенімі.
Республикалықтар бүгін ішінара жиналыс өткізіп, осы күнге дейін атқарылған жұмысын қортындылады. Жеті күндік жоспарларын нақтылап, бағдарламаларын талқылады. Алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстарын арттырып, өңір-өңірдегі штабтармен байланысымызды күшейтеміз деп отыр.
Сырымбек Тау, «Respublica» партиясының тең төрағасы:
Жалпы үйге тоқтамай, 20 күннен астам жүрдік. 15 облыс 3 қаланы араладық. Барлық тіркелушілер саны партияның мүшелері 374 мың болған екен. 374-пен тоқтаймыз деп ойламаймын.
Қазақстан халық партиясының өкілдері Орал қаласындағы тігін фабрикасы қызметкерлерімен, жоғары медициналық колледжінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Оралда қазір жаңа шағын аудан бой көтеруде. Үгіт тобы ол жерде де болып құрылысшылармен жиын өткізді.
Ниязбек Есеналиев, «Қазақстан халық партиясы» ҚБ мүшесі:
Бастыс Қазақстан облысының әр ауданына бардық. Әр барған кездесулерде халық белсенді қатысуда, өз ойы мен пікірлерін білдіріп жатыр. Сұрақтары бар.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Алматыда экологтармен бас қосты. Дөңгелек үстел барысында саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, экобелсенділердің сауалдарына жауап берді. Жаңару бағытында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформа төңірегінде әңгімелесті. Сарапшылар мегаполистің экологиялық мәселелеріне қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, партияның бұл бағыттағы жобаларымен танысты.
«Ақ жол» партиясынан кандидаттар Павлодар қаласының кәсіпкерлерімен кездесіп, сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Жиында шағын және орта бизнестің даму қарқыны, кәсіпкерлікті қолдау жайы айтылды. Өңірдің азаматтары өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, жауап алды. Мұнан соң, еңбек ұжымдарымен кездесу өтті.
Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:
Біздің мақсатымыз біріншіден, өзіміздің Ақжол партиясының парламентте және жергілікті мәслихатта жүргізетін саясаты жұмысы жөнінде есеп беру. Халықты таныстыру біздің ұстанымдарымызбен.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының республикалық штабында да жиын өтті. Депутаттыққа кандидаттар сайлауалды науқанын жүзеге асыру бойынша бағдарламасы мен алдағы жоспарын тағы бір пысықтап алды. Жұмыстарының аралық қорытындысын шығарып, алдағы аптаға міндеттерін айқындады.
Талғат Омаров, ЖСДП мүшесі:
Осы соңғы аптада 300 шара жоспарлап отырмыз. Мыңнан астам волонтерлеріміз бар.