Түркияда туристер саны азайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда туристер саны азайды

14.03.2023

Түркиядағы алапат жер сілкінісі туризм саласына қалай әсер етпек? 2022 жылы Түркия ең көп турист барған әлемдегі үш елдің қатарына енген. Былтыр Анадолы еліне 51 млн адамның табаны тиіпті. Қазақстандықтар да Түркияға ең көп саяхаттап баратын 10 ел азаматтарының қатарында. Алайда табиғи апаттан қорыққан туристер биыл ол жаққа барады ма?

Айдос Әшімұлы, тілші:

Теңіз жағасындағы тарихи шаһар Ыстамбул Түркиядағы туристік қалалардың бірі ғана емес, бірегейі де. Ресми ақпаратқа сай өткен 2022 жылы мегаполиске 16 млн турист келген. Пандемиядан кейін күрт артқан туристер санына биылғы алапат жер сілкінісі әсер ете ме? Мамандардың бұған қатысты пікірлері де әртүрлі.

20 жылдан бері туризм саласында қызмет етіп жүрген Хаяти Алдағтың айтуынша Түркияның оңтүстік шығысындағы жер сілкінісінен соң туристік бағыттарға сұраныс күрт азайған. Былтырғымен салыстырғанда билет сату да төмендеген. Дегенмен туристік маусым әлі басталмағандықтан нақты бір шешім шығару қиын дейді ол.

Хаяти Алдағ, туристік компания өкілі:

Біздің еліміз өкінішке қарай сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан оның туризмге міндетті түрде әсері болады. Жер сілкінгенін естіген шетелдік әріптестеріміз тур сатып алуды әзірге тоқтатып қойды. Түркияның ірі қалаларында, әсіресе Стамбұлда жер сілкінеді дегенді естіген туристер бізге келуге қорқып қалғаны рас. Дегенмен жазға қарай барлығы өз орнына келеді деген үміттеміз.

Стамбулдағы туристік компаниялар қауымдастығының мүшесі, Түркиядағы белді туристік компания басшысы Харун мырзаның айтуынша саяхатшылар тарапынан сұраныстың азаюы тек уақытша құбылыс. Себебі елдің негізгі туристік орындары жер сілкінген аймақтан алыс, Жерорта мен Еге теңізінің жағалауларында орналасқан.

Харун Коркмазоғлы, туристік компания басшысы:

Апат болған алғашқы аптада барлық резервациялардың тоқтап қалғаны рас. Себебі адамдарда үрей болды. Дегенмен бұл ұзаққа созылмады. Қазір бәрі ойдағыдай, туристер бұрынғыдай турларды сатып алып жатыр. Себебі адамдардың басым бөлігі теңіз жағалауына демалуға келеді. Ал апат аймағына қазір мемлекет жан-жақты қолдау жасап жатыр. Аз уақытта ол жаққа да туристер келе бастайды деп сенемін.

Жер сілкінген облыстар негізінен тарихи туризм дамыған аймақтар еді. Мамандар осы зілзалада көптеген құнды жәдігерлердің бүлінгенін анықтады. Туризм министрлігі апат болған аймақтардың туристік әлеуетін аз уақытта қалпына келтіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. Бұдан бөлек енді Түркиядағы барлық қонақ үйлер мен туристік нысандар жер сілкінісіне төзімді екенін растайтын арнайы мемлекеттік сертификат алуы тиіс. Ол құжат болмаған жағдайда туристік компания лицензиясынан айрылмақ.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу