Ресейдің Омбы қаласындағы оқу орында Шоқан Уәлиханов атындағы шәкіртақы тағайындалды. Бұл өңірде қазақтың талантты ғалымына деген құрмет ерекше. Қазақстанмен көршілес қоныс тепкен өңір талай қазақ зиялыларының білім алған ортасы. Соның ішінде әйгілі этнограф та бар. Шоқан Уәлиханов Омбыдағы кадет корпусында оқыған. Өзінің алғашқы ғылыми еңбектерін де осында жазған. Сондықтан мұнда ғалымға деген құрмет ерекше.
Индира Бегайдар, тілші:
Шоқан Уәлиханов қазақ-орыс ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты дейді Омбы тұрғындары. Сондықтан ұлы ғалымға арнап шығармалар жазылып, кітаптар басылуда. Ал 2004 жылы қаланың қақ ортасында этнографқа ескерткіш қойылды.
Омбыда Шоқан Уәлиханов атындағы көше де бар. Қалада ұлы ғалымды ұлықтау бойынша іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Көп жерде оның суреттері ілінген.
Алиса Лисицкая, қала тұрғыны:
Шоқан Уәлиханов ғалым, тарихқа да зор үлес қосты. Этнограф, саяхтшы ретінде де жақсы таныс. Ол ұлы адам болған. Сондықтан біраз уақыт Омбы қаласында тұрғанын мақтан етеміз. Кадет корпусында оқып, із қалдырған ғалым туралы жастарымыз, қала қонақтары көбірек білсе екен дейміз.
Облыс орталығындағы іргелі оқу орнында Шоқан Уәлиханов атындағы шәкіртақы тағайындалды. Басты мақсат - ағартушының есімін жаңғырту. «Шоқан мұрасы - дәуір шежіресі», - дейді мамандар.
Махаббат Қаптұров, Ш.Уәлиханов атындағы қазақ-орыс достық орталығының төрағасы:
14 адам ғалымның атындағы стипендияға ие болды. Олардың барлығы оқу озаттары, белсенді, өзгеге үлгі көрсетіп жүрген жастар. Алдағы уақытта стипендиаттардың саны артады деген үміттемін.
Қазақтың жарқын жұлдызы әлемдік ғылымның дамуына серпін берген. Сондықтан, Достық орталығының мүшелері Шоқанның мұражайын да ашуды жоспарлап, қазір материалдар жинап жатыр.
Индира Бегайдар