Үкімет тарапынан балалы отбасыларға 4 түрлі жәрдемақы беріледі. Мемлекет төлейтін көмек азаматтың тапқан табысына қарамастан тағайындалады. Оған қалай қолжеткізуге болады? Өтініш берудің жолдарын және бала басына қанша қаржы қарастылғанын «біле жүріңіз» айдарында әріптесім Асылбек Данияр тарқатып айтады.
Асылбек Данияр, тілші:
Алғашқысы, бала туғанда берілетін жәрдемақы яғни жөргекпұл. Біржолғы мемлекеттік көмек кез келген әйелге төленеді. Жұмыс істей ма, жоқ па, ол жағы маңызды емес. Жәрдемақыны тағайындау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе egov.kz порталы арқылы өтініш беруге болады.
Талап етілетін құжаттар тізімі мынадай: жеке куәлік, сәбидің туу туралы куәлігі немесе АХАЖ берген туу туралы актілік жазбаның көшірмесі немесе тіркеу туралы анықтама да жарайды. Міндетті құжаттың тағы біреуі неке қию туралы куәлік және тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы анықтама.
Енді жәрдемақы мөлшеріне келсек, үш балаға дейін 131 100 теңге. Ал, төртінші баладан бастап кейінгілерге 217 350 теңге беріледі.
Екінші, бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы. Ол бала туған күннен бастап 1,5 жасқа толғанға дейін тағайындалады. Ол кезде отбасындағы тірі туған, асырап алған, сондай-ақ қамқоршылыққа алынған балалар ескеріледі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс істемейтін ата-анаға арналған жәрдемақылар мөлшері: бірінші балаға – 19 872 теңге, екінші балаға – 23 495 теңге, үшінші балаға – 27 083 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 30 705 теңге белгіленген.
Үшінші - ол көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде 18 жасқа толғаннан кейін орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алатын студенттерді қоса алғанда төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.
Оның мөлшері бала санына қарай есептеледі: төрт баласы барларға – 55 303 теңге; бес балаға – 69 138 теңге; алты балаға – 82 972 теңге; жеті балаға – 96 807 теңге; сегіз және одан көп баланың әрбіріне 13 800 теңге қосылып отырады. Онлайн-қызмет арқылы жәрдемақыны тағайындауға өтінім беруге болады.
Соңғысы «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Өтінішті халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы берсеңіз: өтініш; жеке куәлік және награда алғанын растайтын құжат талап етіледі.
Ал, «eGov» порталы арқылы өтініш беру үшін электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған өтініш, марапатталғанын растайтын құжаттың электронды көшірмесі сұралады. Мемлекеттік қызмет құжаттар тіркелген сәттен бастап 7 жұмыс күнінде көрсетіледі.Жәрдемақы тағайындау туралы хабарлама eGov-та өтініш берушінің жеке кабинетіне, ұялы телефонына SMS-хабарлама арқылы жіберіледі.