Мәжіліс сайлауы-2023: 1 миллион 200 мың адам дауыс беруге құқылы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс сайлауы-2023: 1 миллион 200 мың адам дауыс беруге құқылы

19.03.2023

Алматыда 1 миллион 200 мыңнан астам адам саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасай алады. Ол үшін 602 сайлау учаскесі ашылды. 

Жазира Оразқызы, тілші:

Жаңа ғана №377 сайлау учаскесінде әнұран орындалып, дауыс беру басталды. Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, шаһар Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауда дауыс беруге дайын.

Жалпы мегаполисте 1 миллион 202 мыңнан астам тұрғын дауыс беруге құқылы. Қала бойынша 602 сайлау учаскесі бар. Оның 70-сі жабық мекемелерде орналасқан, яғни, аурухана, перзентхана, шипажай мен әскери мекемелер. Сондай-ақ, Алматыда сайлау құқығы бар, мүмкіндігі шектеулі 40 000-ға жуық тұрғын тіркелген. Қажет болса, бұл кісілер үшін бүгін 100 инватакси қызмет ететін болады. Қосымша 10 көлік кезекшілік етеді.

Сайлау учаскесінде және барлығында дерлік дауыс беру жәшіктері қойылған. Жабық кабиналармен, ұйымдастыру техникасымен жабдықталған. Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар жабдықталған. Көзі нашар көретін сайлаушыларға аудиоматериалдар мен трафареттер дайындалды.

Бүгінгі саяси шараға қатысып, айлау бюллетенін алу үшін жеке куәлік болуы керек. Тізімде бар екеніңіз тексеріледі. Алматылық сайлаушылар 4 бюллетеньді алып, жасырын дауыс беру кабинасына кіріп, толтыруы тиіс. Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы бүгін дауыс берушілерді саяси әрі маңызды шараға белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырып отыр. Егер сайлауға қатысты сауалыңыз болса немесе өз учаске нөміріңізді білгіңіз келсе, 1315 бірыңай байланыс орталығына хабарласуға болады.


Хабарламаларға жазылу