Сайлаудың үгіт-насихат кезеңіндегі партиялар бәсекесі, жеке кандидаттардың пікірталастары, түрлі креативтер – бұл жолғы доданың саяси көрігін қыздырды. Қоғам ішінен қайнап шыққан әртүрлі саяси көзқарастар мен ұстанымдар жаңа саяси мәдениет қалыптастырып, бірте-бірте Парламентті плюрализм мінберіне айналдыратыны сөзсіз. Партиялық тізіммен қоса, жеке мандатты округтерге 30 пайыздық орын беретін аралас сайлау жүйесінің басты мақсаты да - сол.
Бір мандатты округтерге кандидатты саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Немесе үміткер өзін-өзі ұсынады. Бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын кандидаттар да әр аймақтағы дауыс беру учаскелеріне келіп, таңдау жасады. Науқанға бұл жүйемен «Аманат» партиясының 29 мүшесі, «Ақ Жол» партиясының 24 мүшесі, Қазақстан халқы партиясының 15, «Ауыл» партиясының 9 мүшесі қатысады. Сондай-ақ, ЖСДП-ның 6 мүшесі мен Байтақ партиясының 4 мүшесі де бір мандаттыққа үміткер. Бұдан бөлек, өзін-өзі ұсынған кандидаттар да дауыс беріп үлгерді.