Жетісу облысындағы 450 мыңға жуық сайлаушының басым бөлігі ауылды жерде тұрады. Дәл қазір көктемгі дала жұмыстары және мал төлдету науқаны қызып тұрса да, малшы қауым саяси науқаннан шет қалған жоқ. Ақтекше ауылы Шаған тауының етегінде орналасқан. Маңайында бірнеше қыстақ бар. Қазір оларда мал төлдету науқаны басталды. Қуаныш Мұхамедшинов шопандармен бірге қойына жем-шөп салып, бірден ауылға тартты. Еліміздегі әрбір саяси науқаннан қалыс қалмай жүрген шаруаның айтуынша, бұл сайлау мемлекеттің ертеңгі күнін айшықтайды. Сондықтан өз таңдауын жасауға уақыт тауып, сайлау учаскесіне арнайы келді.
Қуаныш Мұхамедшинов, аға шопан:
Көктем уақыты, сахман уақыты, қауырт шақ. Бірақ халқымыз үшін бәріміз дауыс беріп, халық үшін қызмет ететін адамдарды сайлауға тырысып, бәріміз келіп жатырмыз. Бәріміз жақсылықта осы сайлаған адамдарымыз халыққа жақсылық тілейтін адам болсын.
Жалпы бұл елдімекенде 1500-ге жуық халық тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі түске дейін өз таңадуын жасап тастады.
Белтай Қалбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
Еліміздің тағдыры үшін, болашағы үшін халқымыздың, осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз дауысымызды беріп жатырмыз. Болашақта ел-жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз өсіп өркендеп, жақсы болуына тілектеспіз.
Жетісу облысының тұрғындары таңғы жетіден өз конституциялық құқықтарын пайдаланып, дауыс беруге белсенді қатысты. Тіпті, талдықорғандық тұрғын ел болашағы жарқын болсын деген ниетпен сайлауға түйе мініп келген.
Қуаныш Қанатұлы