Ұлы Абайға ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлы Абайға ескерткіш ашылды

21.03.2023

Талдықорғанда ұлыстың ұлы күнінде һәкім Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты шара ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтаған «Наурыз берекем, наурыз мерекем» атты мерекелік бағдарламаға ұласты. Ұлы ойшылдың еңселі ескерткіші гранит пен мәрмәрдан жасалған. Тұғырымен бірге алғанда қола мүсіннің жалпы биіктігі 9 метрге жуық. Туындының авторлары сәулетші Ақмырза Рүстембеков пен мүсінші Мейірлан Әзмағанбетов. Ескерткіш қаланың ең көрікті ғимараттарының бірі Бикен Римова театрының алдына орнатылды.

Құсман Берлешов, Ұлы Абайдың ағасының ұрпағы:

Бүкіл елге, Жетісу өңіріндегі ұрпақтарға тілеу айтып отыр. Отырысының өзі ерекше. Мен талай жердегі ескерткіштерін көріп жүрмін. Түрегеп тұрып, үлкен оймен тұрғандары. Қазіргі отырысы елге тілеу айтып жатыр.

Тәй-тәй басқан балапандардың тұсауы кесіліп, қонақтарға бесік той, тілашар мен беташар, қымызмұрындық сынды қазақтың игі дәстүрлері паш етілді. Қазақ күресінен, қошқар мен түйе көтеруден, қол күрестіруден спорттық жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды. Бір-біріне жақсы тілек айтып, аман-саулық сұрасқан адамның қарасы қалың.

Қайни Мәмік, қала тұрғыны:

Қазағым бақытты болсын! Келген жаңа жыл құт береке әкелсін! Наурыз оң болсын! Ағарып атқан таңымызда барлық қазаққа жол болсын!

Айнаш Рыскелдинова, қала тұрғыны:

Қыстан аман шығып, соғымнан қалған етімізді сүрлеп, наурыз көжемізді жасап, көрші-қолаңды шақырып, үлкендердің батасын алып дегендей ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Халқым аман болсын! Еліміз тыныш болсын!

Мерекелік шара театрландырылған қойылым мен қазақ эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Ұлттарды ұйыстырып, ел-жұртты біріктіретін Әз-Наурыз жылдан-жылға мән-мағынасын тереңдетіп келеді.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу