Қарғын сумен арпалысқан ақтөбеліктер енді батбаққа белуардан батып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарғын сумен арпалысқан ақтөбеліктер енді батбаққа белуардан батып отыр

28.03.2023

Көктем басталғалы қарғын сумен арпалысқан ақтөбеліктер енді батбаққа белуардан батып отыр. Әсіресе, қала шетіндегі Жаңақоныс, Рауан елдімекендерінде жағдай қиын. Ауыл ішіне көлік кіре алмайды, балалардың мектепке баруы мұң. Ал, жергілікті билік өкілдері жер кеппей, ешқандай көмек бере алмаймыз дейді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мінекей, көріп тұрсыздар, бұл елдімекенге көлікпен кіру мүмкін емес. Ал, тәуекел еткендерінің көрген күні – осы. Сондықтан тұрғындар көліктерін мына жол жиегіне тастап, бір-екі шақырым жердегі баспаналарына жаяулап-жалпылап қатынауға мәжбүр.

Бұл ауыл Жаңақоныс- 4 деп аталады. Елді мекенде мектеп болмағандықтан балалар қалаға қатынап оқиды. Олар үшін үлкен жолдың бойына тоқтайтын автобусқа жетудің өзі мұңға айналған. Кейбір тұрғындар балаларын амалсыз қаладағы туыстарының үйіне жіберуге мәжбүр.

Айсұлу Сейілханова, тұрғын:

Бұзылып қалады көлік деген.Алдында батпаққа ,суға түсіп кеттік, су мынадан келді. Халық жүре алмайды.Балаларды садикке апара алмайды, қаланың ішінде садик деген.

Қазір елдімекенде 500-ге жуық үй бар. Алайда, оның тек алпысында ғана адам тұрып жатыр. Басқалары жол мен су болмағасын көшіп келе алмай отыр. Егер ауыра қалсақ, жедел жәрдем де келе алмайды дейді тұрғындар.

Кенжебек Жәнібеков, тұрғын:

Бір сағаттай жүрем, 45 минут жүремін. Көлік кіре алмайды, мынау батпақ. Мынау қайта кебіңкріегені, кіріп кетеді. Автобус та кіре алмайды жол болмағасын.

Ал, бұл «Рауан» елді мекені. Көшелерде көлкіген су әлі тұр. Жол ми батпаққа айналып, көліктердің де жүруі қиындаған. Әкімдік өкілдері Ақтөбе қаласына қарасты 54 елді мекеннің көбінде жағдай осындай екенін айтады. Жолға қиыршық тас төселмек.

Жомарт Бақыткелді, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қиыршық тас бойынша қазір есептеу жұмыстары жүргізіліп, ары қарай қарастырылатын болады барлығы. Бес елді мекендге проектісі дайын. Әрі қарай бұл елді мекендер бойынша жобалау жұмыстары жалғасады.

Жауаптылар батпаққа батқан ауылдарға әзір ештеңе істей алмаймыз деп ашығын айтып отыр. Тек жер кепкен соң ғана арнайы техникалар жіберіліп, ойдым-ойдымы шыққан жол тегістелмек.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу