Министрлерге талап - күшті, депутаттарға - үміт зор. Сонымен Парламент жұмысының бірнеше бағыты айқындалды. Алғашқысы - әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру, мұнан соң елдің өндірістік әлеуетін барынша арттыру. Өйткені Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді. Бұдан соң Президент инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, әсіресе әбден тозған жылу желілерін жаңғырту қажет. Одан кейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл саладағы саясат бірізді емес. Бөлінген қаражат тиімді жұмсалмайды. Өндіруші мен тұтынушы арасында делдал көп. Сондай-ақ адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Ал соңғысы – мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру.
Досжан Маратұлы