Президент: Экономиканың тұрақты өсімі жылына кем дегенде төрт пайыз болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Экономиканың тұрақты өсімі жылына кем дегенде төрт пайыз болуы керек

30.03.2023

Мемлекет басшысы Үкімет баса мән беруі тиіс негізгі бағыттарды атады. Әуелі экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Ол жылына кем дегенде төрт пайыз болуы керек. Президент, сондай-ақ, инфляцияны төмендету жайын баса айтты. Биыл кемінде екі есеге дейін азайту міндеті қойылып отыр. Инфрақұрылымды дамытуға назар аудару мәселесі де айтылды. Әсіресе, еліміздің газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асырып, 25 су қоймасын салу ісі өзекті. Аймақтарды дамыту жұмысы да маңызды. Үкімет пен әкімдіктер бірлесіп, әр облыстың әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстарды қолға алуы қажет. Бесінші - адам капиталының сапасын жүйелі түрде арттыру. Бұл ретте «Жайлы мектеп» бағдарламасын жүзеге асыру мен жоғары оқу орындарын дамыту керектігі айтылды. Мемлекет басшысы отандық ғылымды кешенді дамыту жұмысы тікелей өз бақылауында болатынына тоқталды. Және алтыншы мәселе мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек деді Президент.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу