Жамбыл облысында құрылыс басқармасы 530 млн теңге болатын «Оңалту орталығының» жобалық құнын 124 млн теңге асыра көрсеткен. Құрылыстағы құйтырқы әрекетті Антикор анықтап, 100 млн-нан астам қаржыны мердігер шотына аударуға жол бермеді. Былтыр құрылыс басқармасы мен мердігер Шу ауданында әлеуметтік нысан салу жөнінде келісім-шартқа отырады. Ал биыл қос тарап құрылыс құнын құжатта 654 млн теңге деп көрсетеді. Тексеріс кезінде «Оңалту орталығын» кәсіпкер өз қаржысына тұрғызғаны анықталды. Өйткені тараптардың келісімі ауызша жүрген. Тапсырыс беруші ақшаны алдағы уақытта аудартамыз деп сендірген. Кейін кәсіпкердің шотына түскен артық ақшаны өздері бөліспек болған. Ал әкімдік құрылыс басқармасындағы мамандардың бұл әккі әрекетін құжаттағы қателік деп есептеп отыр. Сондықтан оларға қызметтік ескерту ғана берілмек.
Дәурен Омаров, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
Жобалық-сметалық құжаттар қайта қаралған болатын. Балаларды оңалту орталығының құрылыс нысанына байланысты ол 530 млн теңге құрап отыр. Бұл жерде 124 млн теңге көлеміндегі үнемделген қаражат ары қарай аудандағы құрылысы аяқталмаған мектеп нысанына жолданатын болады.
Данияр Әлімқұл