Павлодар облысында жекенің меншігіне заңсыз берілген 250 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында жекенің меншігіне заңсыз берілген 250 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

31.03.2023

Павлодар облысында жекенің меншігіне заңсыз берілген 250 мың гектар жер телімі былтыр мемлекет меншігіне қайтарылды. Алайда, Тереңкөл ауданында тұрғындар малға жайылым таппай отыр. Жергілікті әкімшілік Воскресенка ауылы айналасындағы мың гектарға жуық алқапты жергілікті фермерге беріп жіберген. Ол енді топырақ аударып, егін салмақ. 

Воскресенка төрт түлік өрген ауыл. Әр үйде кемінде 20-30 қара бар. Бірақ жайылым тарылып кетті. Малдың көптігінен емес. Құнарлы жерге қызығушылар көбейген.

Бейбіт Өмірбаев, Воскресенка ауылының тұрғыны:

Міне ауыл. Ауылдан 1 шақырым міне алқаптар. Енді біз білмейміз қалай бағуға малды. Малға жайылым жоқ. Бәрін жыртып тастады. Міне трасса. Трассаға болмайды малды айдауға. Міне жер аз, міне малдар былай жүреді күндікке, жайылым жоқ.

Мал жолға жақындаса дереу полиция жетіп келеді. Елді-мекенге жақын жайылса жергілікті әкім маза бермейді-дейді.

Манарбек Сәдетхан, Воскресенка ауылының тұрғыны:

Әкім алыстан 30 шақырым жердегі, 20-30 шақырым жайылым жерлерге барындар дейді. Сонда бағындар дейді. Оны біз егіннің арасымен қалай апарамыз? Онда су жоқ, жарық жоқ.

Мейрамбек Сәдетхан, Воскресенка ауылының тұрғыны:

Егер мына жерді жыртып тастаса онда малды тапсырып, қала жаққа көшуге тура келеді.

Ауылдың дәл іргесіндегі алқапты иемденген адам бұл жердікі емес. Тұрғындармен кездесуге де келмеді. Жер 7 жыл бұрын беріліпті. Содан бері игерілмеген. Аудандық әкімдіктегілер биыл егін салуға дайындалып жатыр-деп ақталды. Ал, жайылым жетіспеуінің себебі мүлде басқа көрінеді.

Азамат Маңғұтов, Тереңкөл ауданының әкімі:

Ол жерлерде ауылдың малы бағылуы керек. Олар басқа өңірлерден , тіпті, Павлодар қаласының өзінен, басқа аудандардан мал әкеледі. Мал басы 3 мың, 4 мың теңге. 300 ден аса мал, бөтен мал. Сол ауылдың малы емес. Сол жерлерде бағылып жатыр. Оған тыйым саламыз біз жергілікті қауымдастықпен бірлесіп.

Тұрғындар әкімге сенбейді. Өткен жылы да уәде берген. Бірақ өзгерген дәнеңе жоқ. Жайылым тар болғандықтан жазда малды иіре беруге тура келеді. Қысқа күйсіз кірген мал көктемде көтерем болып шықты-дейді. Ал, ауданы әкімі болса, егіншілік мақсатта пайдаланылатын жерді жалға алған кәсіпкер биыл игермесе жер мемлекетке қайтарылуы мүмкін. Бірақ бәрібір мал бағуға берілмейді. Қайта конкурс жариялануы ықтимал.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу