Президент VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында басымдық берген бағыттар қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында басымдық берген бағыттар қандай?

02.04.2023

Мәжіліс жасақталды. VIII шақырылымның алғашқы сессиясы да өтіп, депутаттар Үкімет басшысын тағайындап тастады. Премьерлікке жаңа кандидатура ұсынылмағанымен, министрлер кабинеті толығымен жаңаруы тиіс. Депутаттар осылай дейді. Қызығы, Смайыловтың кандидатурасына қарсы шыққандар да болды. Демократия деген осы шығар?! Әлде 30 жыл бойы оппозицияда жүргендер Парламентке келе позициясын өзгертпейтінін көрсеткісі келді ме?! Бұл детальдарға кейінірек тоқталамыз.

Ал қазір 8-рет сайланған Парламенттің бірінші сессиясында Президенттің қандай бағыттарға басымдық бергенін талдайық. Қасым-Жомарт Тоқаев кешенді саяси реформалар өткенін, енді кезек экономикаға келгенін жеткізді. Бірақ бұл саяси транформация жалғаспайды деген сөз емес. Әлі де өзекті әрі ең маңызыдысы. Әлеуметтік мәселелер. Халықтың табысы төмен. Бай мен кедейдің арасы алшақтап барады. Тоқаев алдымен осыған тоқталды. 1 сағаттай сөйлеген Президенттің негізгі месседждерін кейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өтті: мемлекеттің басты назары өзекті экономикалық мәселелерді шешу жағына ойысады. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік мәселелерге басымдық берілуі тиіс.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

Әуелі құрылымдық саяси реформалар үш билік тармағынан басталса және Президент өзінен бастаса көп дүниені, екінші ол өзінің құзіреттерін жергілікті аймақтық деңгейге бөліп берді. Енді сол аймақтық деңгейдегі арнайы конституциялық заңнамамен бекітілуі арқылы, қосымша және президент өзі айтпақшы 45 аймақтық деңгейдегі аудан мен қала әкімдерінің сайлауымен жалғасады.
Экономикалық ережелер қалай өзгеруі мүмкін? Жаңа салық саясаты мен газ тарифі ше? 

Мемлекет басшысы былтыр наурызда, Қаңтар оқиғасынан кейін, Парламентте «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы негізінде халыққа жолдау жасаған еді. Сонда жарияланған конституциялық реформалар арқылы билік тармақтары, міне, бір жылда түгел жаңғырғанға ұқсайды. Қараша айында ғана жаңа талап бойынша жеті жылдық бір мерзімге сайланған Президент жаңа көп партиялы Парламенттің алдында реформалардың қорытындысын шолып шықты. Сосын саяси трансформация жалғаса беретінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын.

Данияр Қайыртай, тілші:

Енді экономиканың да жұмыс істеу қағидалары мен ережелерін өзгерту керек деді Президент. Бұрыннан айтылып жүрген «шағын және орта бизнес экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс» деген тезисті қайталауына тура келді. Себебі қанша айтылса да, нәтиже жоқ. Инвесторлар шикізат секторына ғана қызығып, орта бизнес тысқары қалып қоятын көрінеді. Сондықтан Үкіметке созбалаңға салмай, экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция тарту міндетін жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ал «іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін әділ әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек» деді Мемлекет басшысы. Ол үшін қазыналық органның қызметін толық цифрландыруды міндеттеді.

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ МКК басқарма басшысының орынбасары:

Ақпараттық жүйелердің енуі және әрбір бизнес процестің автоматтандырылуы, цифрландырылуы – ортадағы адами фактордың кесірінен болатын кейбір тәуекелдердің жолын жабады. Яғни бұл жерде сыбайлас жемқорлық та болмайды. Бір мезетте жүйеге 250 мыңға дейін адам қосылуына мүмкіндік беретін жүйе енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ал бюджет кірісінің басым бөлігін құрайтын корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығына сараланған мөлшерлеме енгізуді ұсынды. Сонда дамыған елдердегідей, ірі кәсіпорындар мен шикізат экспортымен айналысатын компаниялар көбірек салық төлейді.

Жазира Мыңбаева, ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:

Қолданыстағы салық мөлшерлемесі – 12 пайыз. Ұсыныстар көбейіп жатыр, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қосылған құн салығын төмендету туралы. Онда стандартты салық мөлшерлемесін арттыру қажеттілігі туындайды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша, қазір мемлекет шикізат экспорттайтын компанияларға қосылған құн салығын бюджеттен өтеп береді. Жаңа салық кодексінде мұны өзгерту керек дейді.

Қайырбек Арыстанбеков, ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің консультативтік комитет мүшесі:

Мысалы, шикізаттық емес сектор экспортқа барса, мысалы өңдеу өнеркәсібі, оларға қосымша құн салығын қайтарып беруге болады бюджеттен. Ал шикізатты шығарғандарға, оларға да қайтару керек, бірақ 100 пайыз емес, жартысын, ең болмағанда. Сонда біз өңдеу өнеркәсібін дамытуға жағдай жасар едік.

Данияр Қайыртай, тілші:

Салықтан құралатын бюджетті жоспарлау мен оны орындауда да олқылықтар бар деді Президент. Біз сұхбаттасқан экономист те қазынаның оңды-солды шығындарын азайту керек деп есептейді.

Қайырбек Арыстанбеков, ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің консультативтік комитет мүшесі:

Мемлекеттік бюджетке негізделген бизнес түрі көбейіп кетті бізде. Соны тоқтату керек. Кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге дейін жеке тұлғалардан жалға алған ғимараттарда тұрып жатыр. Бұл дұрыс па? Осы сияқты бюджеттің жөнсіз, орынсыз шығындары бар.

Данияр Қайыртай, тілші:

Мемлекет басшысы газ саудасын нарық бәсекесіне шығаруды да меңзегендей болды. Былтырғы қаңтардан бері тауар газының бағасын мемлекет реттеп келеді. Енді шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтер саясатын енгізу керек деді. Ал энергетика министрінің міндетін атқарушы «бұл ұсыныс мұқият зерттелетінін» айтты. Тұтынушыларға теріс әсері болмауы үшін...

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің м.а.:

Газдың төмен бағасы, басқа сөзбен айтқанда, ешқандай дамытуға мүмкіншілік жоқ деген сөз. Шамамен қанша болуы керек, баға?-Оны санау керек. Бұл – салықпен байланысты, тұтыну көлеміне байланысты.

Қайырбек Арыстанбеков, ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің консультативтік комитет мүшесі:

Енді екінші парадигма, Қаңтар оқиғасы неден басталды? Оны да ескеру керек. Ортасын табуымыз керек. Мысалы, жеке азаматтарға мынанша тариф болуы керек, ал кәсіпорындар бар ғой тұтынатын, оларға мүмкін басқа тариф керек шығар.

Данияр Қайыртай, тілші:

Сосын заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы кландары мен ірі бизнес өкілдері шешім қабылдауға ықпал ететінін, яғни лобби барын айтты Президент. Сондықтан депутаттарға лоббистік қызметті заңмен реттеп, бақылаудың халықаралық тәжірибесін зерттеуді ұсынды.

Ержан Болатбек, заңгер, адвокат:

Реттесек те, реттемесек те бұл – құбылыс ретінде, қоғамдық қатынас ретінде, саяси құбылыс ретінде бәрібір болады. Сол себепті реттеу қажет. Егер лоббизм болса, біз көреміз оны, не үшін, кім лобби жасап отырғанын. Яғни ашық болуы қажет. Екіншіден, нақты бір бағыттарға лобби, мүмкін, тыйым салынады. Мысалы, алкогольдік лобби, темекі лоббиі деген сияқты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Айтпақшы, Президент он жыл бұрын қабылданған «Қазақстан-2050» стратегиясын түбегейлі өзгертуді тапсырды. Оның алдындағы стратегия сияқты мерзімінен бұрын орындалып қойғандықтан емес. Әлемде геосаяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер болғандықтан... Ендеше жаңа құжатта дамыған 30 елдің қатарына кіруге деген амбициялық талпыныс қала ма екен?..
Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу