Қолданушылары ең көп әлеуметтік желі TikTok-қа қатысты дау тағы да өршіді. Наурыздың 23-інде АҚШ Конгресі TikTok-тың директорын сұрақ астына алды. Вашингтон бұл желі азаматтардың жеке деректерін Қытай үкіметімен бөліседі деп күдіктенді. Осы себепті АҚШ-тағы мемлекеттік құрылымдарда TikTok-ты пайдалануға тыйым салынған. Билік өкілдеріне қосымшаны ұялы телефоннан өшіруге 1 ай берілді. Бірақ Конгрес жиынында 5 сағат бойы түрлі сұраққа жауап берген TikTok-тың бас директоры Шоу Цзы Чу жеке мәліметтер ешкімге берілмейді, қажет болса өзге мемлекет компанияға мониторинг жүргізе алады деді.
Ал ресми Бейжің АҚШ TikTok-ты Америка нарығынан шығарғысы келеді деп айыптады. Қытай үкіметі жеке мәлімет алу үшін ол компанияға сұрау салған жоқ, сондықтан АҚШ қысым көрсетуін тоқтатсын деді.
Бірақ қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі қосымшаға күдік 2 жылдан бері бар. Өйткені осыған дейін аталған компания журналистерді бақылауға алу үшін жеке мәліметті қолданғаны анықталып, сол оқиға жария боп кеткен соң ByteDance-тің бірнеше қызметкері жұмыстан шығарылған.
Осыдан соң Австралия мен Ұлыбритания да компания «Қытай билігіне ақпарат бере ме» деп сезіктенген. Ал Канада, Бельгия және Жаңа Зеландияда мемлекеттік қызметкерлердің қосымшаны жұмыс телефонына орнатуына болмайды. Үндістан 2020 жылы Қытаймен шекарада 20 сарбазы қаза тапқан соң желіге толық тыйым салған. TikTokқа қарсы елдер мұнымен шектелмейді. Мәселен, 2 жыл бұрын Пәкістан «қауіпті контент таратады» деп оны шектеді. Ал, TikTok-тағы челленджге қатысам деп бір бала көз жұмған соң Италия желіге жартылай тыйым салды. Өткен жылы Өзбекстан белсенділері TikTok-ты жабуды ұсынса, биыл Қырғызстан депутаттары мәселе көтерді. Негізгі себеп әлеуметтік желідегі «әдепсіз контент».
Әзірге Қазақстанда TikTok-қа қатысты мәселе ресми талқыланбады. Бірақ дабыл қағып жатқандар бар. Ал мамандар пікірі сан қилы. Бірі онда қауіпті ақпарат көп десе, енді бірі платформаны тиімді қолдансақ пайдасы көп дейді.