Елорда халқы сусыз отыруға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда халқы сусыз отыруға мәжбүр

03.04.2023

Ауыз судың да жайы мәз емес. Елорда халқы сусыз отыруға мәжбүр. Әкімдік тұрғындар саны тым көбейгендіктен, су тапшылығы туындады деп уәж айтқан. Бұл елдің ашу-ызасын туғызды. Осылай деген мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев-- қала әкіміне депутаттық сауал жолдады. Шенділер болса, келешекте тіпті тариф қымбаттауы мүмкін дейді.

Асылбек Данияр, тілші:

Міне кранды барынша аштым. Үйдегі тұрғындардың айтуынша, бұл ең жоғарғы қысым. Дәл осы сәтте осындай тұрған бос ыдыстардың барлығын суға толтырып алады. Мұнда кірейік. Көріп тұрғандарыңыздай мұнда апайымыз бос ыдыстарды, ваннаға дейін толтырып жатыр. Бұл проблеманың пайда болғанына қанша уақыт болды?

Аманғайша Ақажанова, қала тұрғыны:

Маусым айында бір жыл болады. Ол кезде графика болады деп айтқан судың қысымының төмендеуіне. Олай емес мүлдем су болмай қалады. Түнде 00:00-де өшіреміз деп 22:00-де өшіріп тастайды. Үйде отырғаннан кейін менің жұмысым осы, бос ыдысты суға толтырып қоямын. Су келді дегенде бір қуанатын болдық.

Бұл тек бір отбасының ғана емес күллі астаналықтардың басты проблемасы. «Астана Су Арнасы» шаһар тұрғындарына суды тәуліктің әр уақытында әртүрлі қысыммен бірілетінін хабарлағанмен, кейбір үйлерде су атымен жоқ. Бекітілген кесте мүлде орындалмайды, дейді жұрт.Амалдың жоғынан тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Жауапты компания бұған елордада халық санының өсуі мен қаланың қарқынды дамуы себеп дейді.

Талғат Бекмағанбетов, қалалық сорғы-сүзгі станциясының басшысы:

Станцияның қуаттылығы тәулігіне 305 мың текше метр суды ғана тазартады жоба бойынша. Біз қалаға 330 мың тонна су жіберіп отырмыз. Жобадан астам суды беріп отырмыз. Тағы бір станиция керек бір сөзбен айтқанда. Күндіз су беру үшін, түнімен су жинаймыз. Суды жинау үшін қысымды түсіреміз. Қуаттылығы жетпей жатыр.

Тұтынушы көп болғандықтан тәулігіне 20 мың тонна су жетпейді екен. Ресми мәліметке сәйкес, бас қала тәулігіне 318 мың текше метрдей ауыз су тұтынады. Ал, қысымды реттеу жаңа су сорғылау-сүзгілеу станциясы іске қосылғанға дейін жалғасады. Нысан биыл жазда жұмысқа кіріседі деген әкімдік өкілдері сөзінен тайқыды. Ақпаратты беру кезінде қателік кеткен деп ақталды.

Асқар Мүсілов, қалалық әкімдікке қарасты сумен жабдықтау бөлімінің бас маманы:

Нормативтік мерзімге сәйкес сүзгі-сорғы станциясы құрылысының аяқталу мерзімі осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Алайда, қазір осы мәселе өзекті болып тұрғандықтан, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жаз-күз мезгіліне дейін жылдамдаттық. Қазан айында қабылдап аламыз, одан соң су жинау жұмыстары жүргізіледі. Ал, желтоқсан айында үздіксіз су беру басталады.

Судың қысымы реттеліп, проблема шешілген соң астаналықтарды тағы бір «тосынсый» күтіп тұр. Тариф бағасы өседі. Жергілікті атқамінерлер нақты қанша пайыз екенін нақтыламады.

Шахардағы сорғы құралдары 2018 жылы жаңартылған, дейді жауаптылар. Қазір ауыз судың 4 резервуары бар. Оның бәрі түнде толтырылыып отырады. Сол себепті түнгі уақытта пәтерлерге су беру көлемі азаяды. «Астана Су Арнасы» келесі жылға дейін суды барынша үнемдеуге шақырды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу