Түркістан облысында 14 ауыл медициналық қызметке зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 14 ауыл медициналық қызметке зәру

03.04.2023

Түркістан облысында 14 елдімекеннің тұрғындары әлі күнге медициналық қызметке қол жеткізе алмай келеді. Мұндағы жұрт ауыра қалса, орталықтағы дәрігерлерден шипа іздейді. Ал жүруге шамасы, астында көлігі жоқтардың жәдел жәрдем көлігі жеткенше, Жаратушыға жалбарынғаннан басқа амалы жоқ.

Қынышкүл Дәуренбекованың жасы ұлғайған сайын ауру сырқауы да көбейіп барады. Қан қысымы жоғары болғандықтан оншақты жылдан бері үзбей дәрі ішеді. Дәрігерлердің арнайы есебінде тұрады. Кейде дерті жан алқымнан алған кезде жедел жәрдем шақырудан басқа лажы жоқ. Өйткені осындағы медициналық пунктен қайыр шамалы.

Қынашкүл Дәуренбекова, ауыл тұрғыны:

Сумкамызда күнделікті дәрі жүреді. Бір мен емес мен сияқтылар көп ауылда. Балалаларымыз ауыра ма скорый шақырамыз. Себебі бұл жерде ешнәрсе жоқ. Кез-келген үйге скорый келеді де тұрады.

Төңеріс ауылындағы аядай бір бөлмеге жайғасқан медициналық пунктте екі қызметкер ғана жұмыс істейді. Бірі медбике, екіншісі еден жуушы. Мұндағы медициналық қызмет науқастың салмағы мен қан қысымын өлшеп, укол салудан әрі аспайды.

Есенбек Дүйсебеков, ауыл тұрғыны:

Ілгеріде жер болмады. Кейін жер таптық 40 соток. Толық медициналық пункт болуға болады. Ал енді қаражат жоқ дейді. 9 жылдан бері әр үш жылда проект жаңартып келе жатыр.

Дәрігерлік амбулатория салынатын жердің мемлекеттік актісі алынып, сәулеттік жобалау құжаты да жасалып қойған. Бірақ қаржы жоқ деген сылтаумен жылда кейінге шегеріліп келеді.

Абай Аширов, Жартытөбе ауылдық округінің әкімі:

Бұл жөнінде жаңадан сайланған депутаттарға хабарласып жатырмыз. Сессияда қаржы бөліп беретін болса ПСД-ға, құрылысқа ақша бөле салынатын болады.

Бүгінгі таңда Түркістан облысының 14 ауылында медициналық нысан атымен жоқ. Дәрігерсіз күн кешкен ауылдардың ең көбі Қазығұрт пен Сарыағаш ауданында.

Райымбек Тасырбаев, Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

Жоспарға сәйкес 14 медициналық мекеме, оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік бекет, 2 медициналық пункт салынады. Қазіргі таңда сол медициналық нысандар түсетін жер телімдері бөлінді. құрылыс басталады.

Жоспарға енген 14 нысанның да құрылысы биыл басталмақ. Олардың дені осы жылы, ал ғимараты үлкендері келесі жылы ел иглігіне беріледі.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу