Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы беріледі

05.04.2023

Ақтөбе облысында баспанасы суға кеткен Қаратал ауылының тұрғындарына өтемақы беріледі. Бұл ауылда 11 үй бүлінген еді. Ал облыс орталығына қарасты Қарғалы елдімекенінің жұрты мұндай көмекті ала алмай, есік жағалап жүр. Олардың ендігі жағдайы не болмақ? Жақсыбек Кемал баяндасын.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы елдімекені. Тасқынның қатты болғанын жағаға шығып қалған мына ағаштардан-ақ байқауға болады. Қазір судың беті қайтқан. Дегенмен мына маңдағы 30 аула мен 15 үйге су кірген.

Айдана бұл үйге 4 жыл бұрын ғана кірген. Жөндеу жұмыстары үшін несие алған. Айтуынша, әзірге құзырлы орындар көмек қолын созуға асығар емес. Бұл жер саяжай аумағы болғандықтан көбінің үйінің тіркеу номері жоқ. Тұрғындар ең болмаса жаңа ауданнан баспананың бір бөлігін салып берсе, құнын өзіміз бөліп төлеуге де дайынбыз дейді.

Айдана Кенжеғұлова, қала тұрғыны:

Үйімізді көтеріп берсе, әрі қарай қосымша төлейміз деп тұрмыз. Әкімдік уақыт беріңіз, уақыт беріңіз. Жиналыстан босамай жатырмын дейді. Шыны керек, әкімнің өзін әлі көрген жоқпыз.

Бұл ауданның елуге жуық тұрғыны сегіз күннен бері эвакуациялық орталықта тұрып жатыр. Олар үйлерінің іші кепкенше уақытша тұратын баспана сұрап отыр. Тасқыннан Қаратал ауылының тұрғындарын да зардап шекті. Қарғын су тек бірнеше тәуліктен кейін ғана кетіп, шығын есептелді. Нәтижесінде 11 отбасыға қаржылай өтемақы берілетін болды.

Асқар Қазыбаев, Ойыл ауданының әкімі:

Арнайы комиссиямен зардап шығындары есептелді. Қазір оның құны 31 миллионды құрап тұр. Бүгінгі таңда оны біз аудандық бюджеттен бір айдың ішінде төлеуге мәжбүрміз.

Табиғи апаттан зардап шеккен Қарғалы тұрғындары да осындай көмекті күтіп отыр. Бірақ оларға сәл күтуге тура келеді. Себебі шығын көлемі мен қандай көмек көрсетілетіні комиссия жұмысынан кейін белгілі болады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу