Павлодар облысының қақ ортасындағы алаң жекенің меншігіне өтіп кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының қақ ортасындағы алаң жекенің меншігіне өтіп кеткен

05.04.2023

Павлодар қаласының қақ ортасынан коммерциялық мақсатта берілген 42 соттық жер төңірегінде дау шықты. Бастапқыда ойын-сауық орталығын саламын деген кәсіпкер сегіз жылда бір қазық қақпаған. Енді көптің игілігіне емес, қалталылар үшін элиталық тұрғын-үй салмақшы. Бірақ бүған тұрғындар үзілді- кесілді қарсы.

Дауға айналған жер телімі 2015 жылы жеке адамға жалға беріліпті. Бірақ, ат шаптырым аумақты көріктендіру, санитарлық тазалығы тегіс қаланың коммуналдық шаруашылығының мойнына жүктелген.

Темірғали Әлжанов, қала тұрғыны:

Мына жер ылғый шұңқыр болатын. Үкімет, әкімшілік бұған қанша КАМАЗ тас әкеліп төкті. Асфальт салды. Енді бүгін үкіметтің ақшасын салып-салып жекеменшікке бермекші. Бұл бір. Екіншіден бұл жерде 22 көпқабатты үйлер бар. Сонда балалар ойнайтын бір түзу жер жоқ.

Мына қоршаулар жақында орнатылды. Ал, бұған дейін мерекелік мәдени шаралар осы жерде өткізілетін.

Халиолла Жакудаев, қала тұрғыны:

Мына алаңда наурыз мейрамын өткізіп, қыс айларында шырша орнатып, сондай шараларды өткіздік. Әлеуметтік маңызы бар алаңның қалай жекенің қолына өтіп кеткені білмейміз.

Жалға берілген 8 жыл ішінде бұл жерге бірде-бір қазық қағылмаған. 2017 жылы бастапқы иесі ауысыпты. Соңғы алған адамның аты-жөні айтылмайды. Қазір қаланың қақ ортасынан 42 сотық жер стратегиялық мақсат үшін де табылмайды. Мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандар шеттен салынып жатыр. Ал, жерді жалған
адам асты паркинг, элиталық үй салуды жоспарлапты.

Нариман Қайырленов, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Ол жерге қазір екжей-текжейлі жоспарлау бойынша сол жерде көпқабатты тұрғын үй салу қарастырылып жатыр.
Сәулетші нақтыланған жобалау жоспарын бекіткен. Бірақ эскиздік жобаға кім тапсырыс бергенін білмейтін болып шықты. Кім болса да тұрғындар құрылысқа наразы.

Бағлангүл Кәрімова, қала тұрғыны:

Бұл әлеуметтік төмен жағдайда тұратын адамдарға арналған үй болмайды. Ол элиталық үй болады. Бюджеттен алып қойған жерімізді тек қана элиталық үйге берген ол дұрыс емес деп ойлаймыз.

Коммерциялық мақсаттағы жер телімі конкурс арқылы берілді ме? Аукционнан бюджетке қанша қаржы түсті? Бұл сұрақтарға қалалық жер қатынастар бөлімі жауап беруден бас тартты. Тәуелсіз сарапашылардың айтуынша, дау тудырған бұл жер учаскесінің нарықтағы құны 1 млн долларға жетіп жығылады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу