АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында жүргізушіні қажет етпейтін екі такси сынақтан өтіп жатыр. Олардың бірін General Motors, екіншісін Google компаниясы жасаған.
Бұл машиналар жергілікті реттеуші органдардың рұқсатын жыл соңына дейін алудан үмітті. Егер сол мақсат орындалатын болса, Сан-Франциско Uber, Лифт тәрізді тасымалдаушыларға бәсекелес робот таксиді көшеге шығарған алғашқы америкалық қала атанады.
Дегенмен, жүргізушісіз такси кемшіліктен кенде емес. Мәселен, олар жолда келе жатып кенеттен тоқтап қалып, өрт сөндіруші немесе жедел жәрдем көлігінің жолын бөгеуі мүмкін.
Нико Ларго, Орегон университеті «Келесі урбанизм» орталығының директоры:
Кенеттен тоқтап қалу - проблема. Соған қарағанда, көлік өте күрделі ортада қалай жұмыс істеу керектігін әлі толық түсінбеген тәрізді. Және де жүргізушісіз таксиге қанша төлеу қажеттігі де әлі анықталған жоқ. Сонымен қатар, мұндай машина кептеліс пен ауаның ластануын азайта ала ма? Бұл сауал да әзірге жауапсыз.
Арыстан Рысбек