Шымкентте мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылды

07.04.2023

Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, ішкі нарық үшін өнім шығара бастады. 23 күнге созылған жөндеу жұмыстары кезінде мұнай айдау, дизель отыны мен керосинді гидротазарту, қондырғылардың жекелеген бөлшектері ауыстырылып, қалпына келтірілді. Бұл іске 22 мердігер ұйым мен мыңнан астам маман жұмылдырылды. Жоспарға сай Шымкент мұнай өңдеу зауыты биылғы сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеуі қажет. Одан 110 мың тонна бензин, 114 мың тонна дизель отыны алынбақ. Мұнан бөлек сұйытылған мұнай газы әуе отыны мен мазут өндірілетін болады. Шымкент мұнай өңдеу зауыты былтыр рекордтық көлемде, яғни 6,2 миллион тонна мұнай өңдегенін еске сала кетейік. Бұдан бұрын Мемлекет басшысы зауыттың өндірістік қуатын еселей отырып, мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін жүктеген болатын.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу