Елімізде дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігіне қатысты міндетті сақтандыру жүйесі кезең-кезеңмен енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте заң жобасын таныстыру кезінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай тәсіл медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, халықаралық аренада Қазақстанның денсаулық сақтау бойынша рейтингіне де әсер етеді. Жалпы, медициналық көмек көрсету кезінде науқастың өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Ондай норма әуелден бар, ал бұл заң жобасы осы баптың іске асыру жолдарын бекітеді. Айта кетейік, елімізде жыл сайын дәрігерлердің үстінен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бұл заң жобасы бойынша медициналық қызметкерлердің, соның ішінде мынау медициналық қызмет көрсету кезінде өзінің пиғылы немесе немқұрайлылығымен емес, жұмысын көрсеткен кезде науқастың өміріне қауіп төнсе, денсаулығы кемісе, сол жағдайлар қаралатын болады.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі балалар арасында тараған «қызылша» ауруына қатысты сауалдарға жауап берді. Инфекция ауа арқылы тарайтыны белгілі. Дегенмен мектептерде карантин талаптарын енгізу қарастырылмағанын және қатаң шектеу енгізудің реті жоқ екенін айтты. Ауруды жұқтырудың алғашқы деректері шетелден келгендер мен туристерден анықталған. Балалар да ауруды жұқтыра бастады. Көбіне екпе алмағандар ауырды, өйткені оларда ауруға қарсы иммунитет болмаған. Қазір қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларды егу науқаны жүріп жатыр деді Ажар Ғиният.
Азамат Бейбітұлы