Жамбыл облысында 82 ауылда ауыз су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 82 ауылда ауыз су жоқ

07.04.2023

Жамбыл облысындағы елдімекендерді ауыз сумен қамтуға соңғы үш жылда 50 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Алайда тұрғындардың тіршілік нәрі тапшылығына қатысты шағымы азаймай тұр. Мысалы, Түрксіб ауылының халқы екі жылдан бері сусыз отыр. Себебі басталған жұмыс жарты жолдан тоқтаған. Жамбыл облысында соңғы үш жылда 71 елдімекенде ауыз су құбырлары тартылды. Оған 49 млрд теңге жұмсалған. Алайда қыруар қаржы бөлінсе де өңірде суға қатысты проблема көп. Судың сарылдап аққанын сарыла күткен Түрксіб ауылының тұрғындары мердігерге мәселені төтесінен қойды. Тіршілік нәрімен қамтуға 1,4 млрд теңге бөлінген. Бірақ былтыр бітуі тиіс жұмыс биыл да тоқтап тұр.

Болат Айдарбеков, ауыл тұрғыны:

Су өткізбей жатқандарына үш жыл болды. Бес-алты көше қазылмай сол бойы тұр. Құбырлардың бос жатқанына екі жыл болған. Оны кішкентай балалар тастармен, иттермен, мысықтармен толтырып тастаған. Ертең жердің астынан бәрі жарып шығады.

Бесағаш ауылында да құбырлар қазылған күйі қалған. Құбыр талапқа сай тартылмағаны үшін мердігерге екі млн теңге айыппұл да салыныпты. Өзге өңірлерде де өрескел қателіктер жібергені үшін банктегі шоты бұғатталған.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

Біздегі қазір есепші болмаған соң, қаржысы да тұр. Сөйтіп, адамдары жалдап жүрміз. Олар жұмыс істей алмай тұр. Біз енді оны сотқа беріп, кісілерді мүлде нысаннан алғымыз келіп отыр.

Ал компания өкілі ақша аударылса үш айда аяқтаймыз дейді. Жалпы Жамбыл облысында 367 елді мекен бар болса, оның 82-інде су жоқ.

Смат Сатымбеков, облыстық энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

Сол 82 елді мекеннің ішінде 56 құрылыс жұмыстары арқылы қамтамсыз ету жоспарланып отыр. Қалған 26 елді мекендерде, халық саны 200-ге дейін жететін елді мекендерге суды тазартудың кешенді блок модулін орнату жоспарланып отыр.

Әкімдік 2026 жылға дейін Жамбыл облысы 100 пайыз сумен қамтылады деп отыр. Бұл жұмыс «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында атқарылмақ. Ал осы жылға аймақта су жүйесін тартуға 11 млрд теңге қаржы бөлінбек.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу