Ақмола облысындағы Қараөзек ауылында тракторшыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы Қараөзек ауылында тракторшыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

07.04.2023

Ақмола облысындағы Қараөзек ауылында тракторшыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ол түнде техникасымен қар суы жиналған жыраға түсіп кеткен.Оқыс оқиғаның мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қараөзек ауылына апаратын жалғыз жол осы. Тұрғындардың айтуынша, оны қарғын су кеше шайып кеткен. Содан бері жағдай өзгермепті. Оқыс оқиға да міне дәл осы жерде болған. Түнгі ауысымнан шыққан 36 жастағы трактор жүргізушісі осы жерде техникасымен бірге батып кеткен. Өйткені, тұрғындар мына жерде күзет те, бөгет те болмаған,-дейді.

Ал жергілікті билік жолда өтуге болмайды деген ескерту белгілері қойылған. Бірақ оларды қарғын су шайып кетті деп отыр.

Марат Хамзин, Қараөзек ауылының әкімі:

Ауылдың адамдарына ескертілді. Ватсап арқылы. Шығуға, кіруге болмайды деген тыйым салынды. Кезекшілер ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта іздеу шаралары әлі жалғасып жатыр. Бұл жұмысқа 10-нан астам адам мен 4 техника жұмылдырылған.

Руслан Солонец, Бұланды аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

Еріген қар суы мол жиналған жерді екі моторлы қайықпен тінтіп, іздеу шараларын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар су ағысы алып кеткен ер адамды таппағанша жалғасады.

Қарғын су ауылдың шетіндегі үйлерге де кірген. Көшелер де көл болып жатыр.

Советхан Амангелді, Қараөзек ауылының тұрғыны:

Ешқандай ештеме жасалған жоқ. Кеше мына су қатты келді. Ешқандай дайындық болмады. Мына жерге көпір керек.

Балқия Ибрагимова, Қараөзек ауылының тұрғыны:

Түні бойы ұйықтамай ауылдың тұрғындарының барлығы су жағасында жүр. Ауылда көпір жоқ. Арғы бетке өте алмаймыз. Ауырған адамызды больницаға жеткізе алмаймыз.

Ал іздеп жатқан тракторшы аймақтағы құс фабрикасында жұмыс істеген. 3 баласы бар. Қазір бүкіл ауыл оның аман есен табылуын тілеп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу