Балқаш қаласының тұрғындары 4 күннен бері ауыз суға жарымай отыр. Себебі «Тоқырауын-Балқаш» магистральды құбыры жарылған. Коммуналдық мекеме кеше ақауды қалпына келтіріп, резервуар мен қала ішіндегі құбырларды қайта суға толтыра бастаған. Алайда резервуардағы су мөлшері жартысына жеткенде тағы бір құбырдың бекітпесі істен шыққан. Енді оны жөндегенше тұрғындарға сусыз отыруға тура келеді.
Несіпбала Сағындыққызы, Балқаш қаласының тұрғыны:
Халық қой мына бүкіл Балқашта су жоқ деген масқара ғой. 5 баласы бар, 4 баласы барлар қалай өмір сүріп отыр. Білмейміз қай уақытта берілетінін дейді. Дұрыс па ораза айында осы?
Ерлан Төлегенов. Балқаш қаласының тұрғыны:
Күнде ертең, бүгін деп міне 4 күн кетті. Көреміз енді бүгін беретін шығар деп ойлап отырмыз енді. Құбыр шіріп кеткен дейді енді. Әкімдікке сенеміз жасайтын шығар.
Қала әкімдігі қысқа мерзімде ақау жөнделіп, су беріледі деп уәде етті. Қазір шаһарда 80 мың адам тұрады. Әлеуметтік нысандарға су көлікпен тасымалданып жатыр. Облыс әкімі «Балқаш су» мекемесі басшысының лауазымына сәйкестігін қарастыруды тапсырды. Коммуналдық сала мамандарының мәліметінше, бүгінде қаладағы су құбырларының 75 пайызы тозып тұр. Оларды жаңартуға екі жылдық жоспар құрылған. Биыл 30 шақырым құбыр ауыстырылады деп жоспарланған.
Руслан Нұрланұлы