Роман Скляр: Қазақстанда 415 жанармай құю бекетінде дизель отыны жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Роман Скляр: Қазақстанда 415 жанармай құю бекетінде дизель отыны жоқ

09.04.2023

Осы материал әзірленіп жатқанда апта соңында үкімет отырыс өткізіп, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстанда 415 жанармай құю бекетінде дизель отыны жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір жанармай құю станциялары дизельді қасақана сатпай отырған. Тапшылықты қолдан жасаған 152 жанармай бекетіне шара қабылданады. Ал Энергетика министрлігі республика бойынша 309 мың тонна дизель отынының қоры бар екенін және сәуірде тағы 441 мың тонна отын өндірілетінін жеткізді.

Сондай-ақ Қазақстанда тауарлық газға сараланған тариф енгізіледі. Бұған дейін президент тауарлық газдың энергия тиімділігін арттыру және ұтымды тұтыну үшін тиісті жоспар қабылдауды тапсырған еді. Енді ірі коммерциялық кәсіпорындар үшін сараланған, яғни дифференциалды тариф енгізу; халық үшін көтерме бағалардың өңірлік айырмашылығын қысқарту және тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтер енгізу ұсынылып отыр.

«Бұл газды үнемді пайдалану әдетін қалыптастыруға, ішкі тұтыну көлемінің тапшылығын азайтуға және газдың әлеуметтік-әділ құнын белгілеуге ықпал етеді», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу