АҚШ-та әрбір бесінші оқушы мектепте буллингке ұшырайды. Елдің Ұлттық білім беру статистикасы орталығының мәліметі бұл. Қатарластарынан қысым көрген кейбір жасөсіпірімдер арасында өз өзіне қол салған оқиғалар да аз емес. Сондықтан ана-аналар оқушылар арасындағы әлімжеттікті тоқтату үшін нақты шара қолдануды талап етіп жатыр. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.
Нью-Джерси қаласындағы алтыншы сынып оқушысы Фелисия Мелендестің өлімі өткен аптада бүкіл елді дүр сілкіндірді. Он бір жасар жасөспірім мектептің жуынатын бөлмесінде өзіне қол жұмсаған. Анасы қызының мұндай қадамға баруына қатарластарының бірнеше жыл жалғасқан әлімжеттігі себеп болды деп санайды. Бірақ қанша шағым жазса да, мектеп басшылығы ешқандай шара қолданбаған. Бұл жағдай Иллинойс штатының тұрғындарын да алаңдатып отыр. Себебі, балалары буллингке жиі ұшырайтынын айтады. Тіпті мектептен қол аяғы көгеріп келуі қалыпты жағдайға айналды дейді ашуға булыққан ана. Білім саласына жауаптылармен кездескен олар мектептердегі бұзақылыққа тоқтам салып, жағдайды реттеуді талап етті.
Ата-ана:
Мен әр кез балаларымды мектепке жібергенде соғыс алаңына аттандырғандай қорқып отырамын. Себебі, ол жерде оларды қорғайтын ешкім жоқ.
Ата-ана:
Балам зәбірге шыдай алмай, төзімі таусылғанда өзін қорғау үшін төбелесуіне тура келеді. Бірақ, не үшін қарымта қайтарғанына айыпты болуы тиіс?
Себебі, мектептердің ішкі тәртібі бойынша оқушыға әлімжеттік көрсетушіге қарсы өз бетінше күш қолдануға болмайды. Өзі де жазалануы мүмкін. Тек бұзақылық жайлы мұғаліміне шағым айтуы тиіс. Алайда, көп жасөспірім мұндайға сирек барады. Сондықтан да буллинг тиылмай тұр деген Монтана шататының заң шығарушылары арнайы заң әзірледі. Бұл құжат бекісе, оқушыларға өзін қорғау мақсатында жәбір көрсетушіге қарымта қайтаруға рұқсат берілмек.
Джедиах Хинкл, депутат:
Монтанада өзін-өзі қорғау туралы заң бар. Егер сізге физикалық шабуыл жасалса және өміріңізге қауіп төнгенін сезсеңіз, өзіңізді қорғау үшін ол адамға соңы өлімге әкелсе де, күш қолдануға құқылысыз. Демек, мектептен тыс жерде жұрт өздерін заңды түрде қорғай алады да, бірақ неге мектептің ішінде ол мүмкін емес? Бізде екі түрлі ереже болмауы тиіс.
Қарымта шабуыл деп айдар тағылған заң жобасы жоғары сынып оқушыларына бұзақыны сабасына түсіру үшін «қажетті мөлшерде күш» қолдануға мүмкіндік береді. Мұндайға әлімжеттіктің куәсі болған оқушы да құқылы. Яғни, тентекті тезге салса тәртіптік жазаға тартылмайды. Бірақ, қарсы тарап заң керісінше оқушылар арасында зорлық зомбылықты насихаттайды. Сондықтан мектепте қатыгездік күшейіп кетуі мүмкін деп отыр.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Десе де, құжатты Монтана штатының депутаттары қолдады. Енді өңір губернаторы қол қойып, күшіне енсе, өзге штаттарға да бұл үлкен қозғау салуы мүмкін. Себебі, әзірге әлімжеттікке тиімді шара болмай тұр. Былтыр 160 000-нан астам жасөспірім қатарластарының қоқан-лоққысы кесірінен сабаққа бармай қалса, әрбір оныншы оқушы мектептен мүлдем шығып кеткен.
Жалғас Сәдібекұлы