Алматыдағы трамвай депосы қаңырап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы трамвай депосы қаңырап тұр

11.04.2023

Алматыдағы трамвай депосы қаңырап тұр. 2015 жылы жұмысын тоқтатқан транспорт паркінің орнына саябақ және жастарға арналған алаң салынады деп уәде берілген. Бірақ әлі күнге дейін құрылысы басталмады. Бұзып алынған рельстер және вагондар қайда жіберілді? 8 жыл бойы тұралап қалған депо қазір қандай жағдайда? Оның аумағын абаттандыруды сұраған алматылықтардың талабы орындала ма? Нұрсұлтан Тілектес жауап іздеп көрді.

Әзиза Асылханқызы жалындаған жастығын, қызықты ғұмырын трамваймен байланыстырады. Ол осыдан 10 жыл бұрын Жетісу, Мақатаев, Қонаев, Төле би сынды 10-нан астам көшеде жүйткіген қоғамдық көлік қала тұрғындары үшін өте ыңғайлы болатын дейді. Сондықтан депоның қаңырап тұрғанына бей-жай қарай алмайды.

Әзиза Асылханқызы, қала тұрғыны:

Қашанғы жабық тұрады? Ашса, қаланың көркін келтіретін саябақ ашса. Тұрғын үйдің қажеті жоқ. Олардың саны онсыз да көп. Егер мына жерге саябақ салып, ағаш отырғызса. Ағашы бар жерде ауа көп, ауа таза. Кішкене демалатын жер ашса дейміз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бұл аумақта кезінде 10-ға жуық трамвай тұрақтаған. Ал, қазір көзге ілінетіні тек үйінділер мен мына екі қаңқа ғана. 80 жылға жуық жұмыс істеген депоның бүгінгі жағдайы осындай. 2015 жылы жабылған күйі қараусыз қалған. Осы тұста қаланың қақ ортасында орналасқан үлкен аумақ неге пайдаға асырылмай отыр деген заңды сұрақ туындайды.

Осыдан 8 жыл бұрын қалалық әкімдік депо орналасқан аумақ абаттандырылып, саябақ, амфитеатр, өнер және IT бағытындағы алаңдар ашылады деген. Бірақ, әлі күнге ешқандай құрылыс жұмыстары басталмаған.

Рауан Есіркенов, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы:

Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы қабылданды. Соның ішінде креативті индустрия және IT бағдарламасы бар. Соның негізінде үлкен креативті кластер салу жоспарланып отыр. Дәл қазіргі кезде оның жобалық-сметалық құжаттарына өзгерістер енгізіліп жатыр, өзгерістер енгізілген соң құрылыс жұмыстары басталады. Құрылыс жұмысы 2024 жылға дейін аяқталады деген жоспар бар.

Құзырлы орган мамандары жұмыстарды бастауға екі жылға созылған пандемия қолбайлау болды дейді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы трамвайларды тоқтатып, тарнспорт паркін жабуға вагондар мен рельстердің тозуы себеп болған. Тұрғындарды қызықтыратын тағы бір мәселе кезінде жолаушы тасымалдаған вагондар мен рельстер қайда жіберілді? Тиісті мекеменің уәжі мынадай.

Абылайхан Омархан, «Алматыэлектротранс» ЖШС директорының орынбасары:

Трамвайлар толықтай сатып алынып, Өскемен қаласына берілген болатын. Ол жақта олар жөндеу жұмыстарын өтіп, желіге жіберілді. Ал, рельстерге келетін болсақ олардың барлығы демонтаждалды. Толыққанды жұмыстар жасалып, Алматы қаласының балансына берілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу процедуралары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта рельстер сатылатын болады.

Бұрынғы трамвай паркінің бір бұрышында орналасқан ескі ғимаратта қазір ресурстық, жастар лофт-орталығы және коворкинг жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, аталған нысанда Жастар саясаты басқармасының кеңсесі мен жеке кәсіпкерлердің кабинеттері орналасқан. Шаһар әкімдігі 2025 жылға дейін аумағы 21 мың шаршы метрді алып жатқан трамвай депосының аумағы толықтай абаттандырылады деп сендірді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу