Астанада үш адамды құтқарамын деп ажал құшқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған ескерткіш тақта қойылды. Құтқарушының есімі тасқа басылған мемориал «Құтқарушылар саябағы» саябағында орналасқан. Әріптестері Асқар Забикулинді бір минут үнсіздікпен еске алып, естелік тақтаға гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті.
Назаралы Селимов, Астана қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің басшысы:
Асқар Забикулин менің қарамағымда істеді. Өрт сөндіру қызметінде. Сол күні таңертең қабылдауыма келіп, кабинеттен шыққаннан кейін 2 сағаттан кейін болған оқиға. Ерлікпен қаза тапқан, қызметін адал атқарған әріптесіміз, бауырымыз.
Бұған дейін өрт сөндірушінің аты Үркер елдімекеніндегі көшеге берілген. Қаладағы № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі де енді Асқар Забикулиннің есімімен аталады. Естелік тақтаның ашылуына құтқарушының ағасы келді.
Елдар Забикулин, Асқар Забикулиннің ағасы:
Жиі еске аламыз. Күнде еске аламыз. Мамасы келемін деп еді. Ауырып қалып келе алмады. Ініміз енді қайтып оралмайды. Қатты сағынамыз.
Асқар Забикулин Астанада отқа оранған тұрғын үйден 3 адамды құтқарып қалған. Ал өзі денесінің 80 пайызын күйік шалып ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер қанша тырысқанымен, ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады. Офицердің артында әйелі мен 2 баласы қалды.
Айя Мүтәлі