Стамбұлдағы қазақтар ауызашарға жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбұлдағы қазақтар ауызашарға жиналды

12.04.2023

Стамбұлда қазақтар тығыз қоныстанған Бағжылар ауданында отандастарымызға арнап ауызашар берілді. 1400 адамға жайылған дастарханға тек осы аудандағы емес, Стамбұлдың өзге де аймақтарында тұратын қазақтар да келді. Сондай-ақ Түркияда оқитын қазақстандық студенттер де жиналды. Басқосуда сөз алған аудан әкімі осыдан екі ай бұрын болған алапат жер сілкінісі кезінде Қазақ елінің және Түркияда тұратын қазақтардың көмегі ерекше болғанын, бұл дастархан сол қиындықта жанымыздан табылған қазақ халқына алғыс ретінде жайылғанын атап өтті.

Абдуллаһ Өздемир, Стамбұл қаласы Бағжылар ауданының әкімі:

Біз ауданымызда тұратын қазақ бауырларымызбен әрдайым жақсы қарым қатынастамыз. Көптеген іс-шараларды бірлесе атқарып келеміз. Елімізде болған алапат жер сілкінісі кезінде осындағы қазақ ұйымдары ерекше қолдау көрсетіп, жан-жақты көмектерін аямады. Алыстағы атамекеннен келген жәрдем де қиын күнде бізге үлкен демеу болды. Осы сәтті пайдаланып барлық қазақ бауырларыма алғысымды білдіремін.

Ерхан Йылдыз, «Қазақкент Алтай» қорының басшысы:

Біздің «Қазақкент Алтай» ұйымы Түркияның шығысында болған жер сілкінісі кезінде алғашқы күннен бастап әртүрлі көмек көрсеттік. Ақшалай, азық түлік және жылы киім жібердік. Адамдар тұруға ыңғайлы бір контейнер жолдадық. Одан бөлек Қазақстаннан келген киіз үйлерді тігу үшін көмекке 40 адам жібердік. Аудан әкімдігі осы жасаған жәрдемімізге алғыс ретінде бүгінгі ауызашарды арнайы қазақтар үшін ұйымдастырып отыр.

Айдос Әшім

Хабарламаларға жазылу