Президент латын әліпбиіне көшуде қателесуге болмайтынын ескертті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент латын әліпбиіне көшуде қателесуге болмайтынын ескертті

12.04.2023

«Латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп өрескел қате жібердік». Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы осылай деді. Бұл жұмысты асықпай, жан-жақты ойластыра отырып жалғастыру керектігін айтып, енді қателесуге болмайтынын еске салды. Еліміздің жетекші ғалымдары бас қосқан жиында отандық ғылымның өзекті мәселелері сөз болды.

Ғылымы озық елдің өрісі кең. Бірақ өкінішке қарай елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Президенттің сөзінше бұл сала артта қалып келеді. Әлемнің алып елдерінде технология адымдап алға қадам басып жатыр. Біз осы көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу керекпіз деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ғылым саласында біршама өзгеріс болғанын атап өтті. Ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артты. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ғылым, әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз.

Президенттің пікірінше, Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды енгізу маңызды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болатынын айтты. Жақында Ғылым академиясына Президент жанындағы орган мәртебесі берілді. Оны қаржыландыру мәселесі шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бірақ осы жерде ашық айтуым керек: Бізде академиктер тым көп, кейбір академиктердің таза ғылымға еш қатысы жоқ. Бір қарағанда, академик деген аты бар. Бірақ ғылымды дамытуға қосқан үлесін ешкім білмейді. Осындай академиктердің ғылыми сапасы да, олардың ғылымға қосқан үлесі де күмәнді. Бұл Академияға нұқсан келтіргені сөзсіз.

Жиында Ұлттық ғылым академиясының жаңа президенті де сөз алды. Казвак авторы елімізде геномдық технологияларды жедел дамыту үшін ғылыми-техникалық бағдарлама қажет дейді.

Күнсұлу Закарья, Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Өкінішке қарай елдің биологиялық қауіпсіздігін нығайтуда геномдық технологиялардың дамуы мен үлесі төмен. Ол өз кезегінде ұлттық және биологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін.

Президент жиында көптен бері сөз болып жүрген латын әліпбиіне көшу жайына да тоқталды. Асығыстық жасаймыз деп қате жіберіп алғанымызды айтты. Біз, ең алдымен, осы сәтті пайдалана отырып, қазақ тіліне реформа жасауымыз керек дейді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бір мысал келтірейін. Мен бұл мәселе бойынша Құрылтай отырысында айттым. Кириллицада көптеген сөзде «ы» деген әріп бар. Мысалы, «ырымшыл» деген сөзде үш «ы». Біз оны автоматты түрде «у» деп жазатын болдық. Сонда «ырымшыл» деген сөзді латын әліпбиінде жазатын болсақ, үш игрек болады. Бұл қазақ тілі ме? Оны кім оқи алады? Ақырында, тіліміз кирилл әліпбиімен де, тіпті, латын әліпбиімен де жағымсыз көрінетін болды. Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан ғалымдарымыз басқа елдердің озық тәжірибесін мұқият зерттеп, ұтымды тұстарын пайдалануы керек.

Тіл мәселесін академик Асқар Жұмаділдаев да айтты. Оның пікірінше ғалымдар қазақ тілінің мәртебесін артттыруға жұмыс істеу керек.

Асқар Жұмаділдаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі:

Ұлттық ғылым академиясының жарғысына «академия қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мақсатында жұмыс істейді» деген сөзді қосып қою керек.«Қолынан келсе істесін, істей алмаса қойсын. Бірақ, ана жерде тұрсын, міндеті екенін білсін.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу