Жеткіншектер арасында әлімжеттік неге көп? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеткіншектер арасында әлімжеттік неге көп?

12.04.2023

Оқушылар арасында әлімжеттік көбейіп, жастардың қатігез болып бара жатқаны Мәжіліс депутаттарын алаңдатып отыр. Бүгінгі жиында олардың бірқатары тап осы мәселеге Үкіметтің де, елдің де назарын аударуға тырысты. Расында, сыныптасының соққысынан көз жұмған оқушы, аяусыз соққыға жығылған жасөспірім туралы жантүршігерлік ақпараттар соңғы күндері желіні шулатып тұр.

Мектеп оқушылары арасындағы қатігездікпен күресуге белді бекем буғандардың бірі депутат Аманжол Әлтаев. Білім ошақтарындағы бірін-бірі ұрып-соғу жағдайлары азаймай тұр дейді. Жауапты органдардың көбіне шындықты бүркемелегісі келетініне қынжылады

Аманжол Әлтаев, Мәжіліс депутаты:

Коледж студенті аяусыз соққыға жыққан мектеп оқушысы анасы білім басқармасында, туысқаны антикорда жұмыс істейтіні анықталып отыр. Өзге өңірлердегі оқиғалар бойынша да ұқсас мысалдар келтіруге болады.

Депутат айтқан оқиға өткен айда Өскемен қаласында болған. Лауазымды қызметтегі туысы бар қыз қатарласын аяусыз соққыға жыққан.

Ал Қазалы ауданында екі адамның тепкісінің астында қалған баланы полиция әуелде тайғақ жолда құлап қалды деп мәлімдеген. Бұл оқиға қоғамдық резонанс туғызған соң, баланың әлімжеттік құрбаны болғаны анықталып, мектеп директорының екі орынбасары қызметінен кетті.

Ал Түркістанда 5 сынып оқушысы ауыр соққыдан көз жұмды. Марқұм туыстарына әжетханада сыныптасының ұрып соққанын айтқан екен.

Депутат мектептегі қатігездікті тыю үшін алдымен жауапты органдар жалған қорытынды жасауды тоқтатуы керек деп есептейді. Жасөспірімдер ісімен айналысатын инспекторлардың қызметін қайта қарау қажеттігін айтады. Ал депутат Ардақ Назаров қазақ менталитетіне жат идеологияны насихаттап жүргендердің мәселесін көтерді.

Ардақ Назаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі:

Осындай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен «отау құрып» жатса, толерантты болып батаңызды бересіз бе?

Депутаттар кинозалдарда жасөспірімдердің санасына теріс әсер ететін кино өнімдерін көруге тиым салу қажет деп отыр. Әрі Tik-tok желісіне шектеу қоюды ұсынғандары да бар. Сондай-ақ, жастар мәселесін мемлекет ғана артып қоймай, ата-ананы да жауапкершілік алуға шақырды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу