Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны қабылдады. Australian Open, Indian Wells және Miami Open турнирлерінде керемет өнер көрсеткенін айтып құттықтады. Өз кезегінде спортшы жеңіс тұғырынан көрінген сәттерінде қолдау білдіргені үшін жүрекжарды құттықтаулар жолдағанына Президентке алғысын жеткізді. Астанада ертең алғаш рет Billie Jean King кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы «Әлем чемпионатына» жолдама алады. Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған отандық теннисшілерге сәттілік тіледі.
Елена Рыбакина, «Уимблдон» халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Өзімнің болашақ жоспарларыммен бөлістім. Ертеңге ойындардың алдында жігерлене түскендей болдым. Сондықтан мен де, жалпы команда да жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін.
Оңғар Алпысбайұлы