Жетісулық диқандар суды үнемдеу керек дейді. Одан ұтпаса, ұтылмайды. Аймақ шаруалары тамшылатып суару жұмысына ден қойған. Биыл өңірде 520 мың гектарға жуық алқапты игеруді жоспарланып отыр. Әдеттегідей қант қызылшасы, соя мен жүгеріге басымдық берілмек. Мұнан бөлек арпа бидай мен көпжылдық мал азығының да аумағы еселенді. Панфилов ауданындағы бұл серіктестік техникасының алды алқапқа шықса, қалғаны осы жерде жөнделіп, дала жұмыстарына дайындалып жатыр. Трактор комбайнның басым бөлігі жаңа болғанымен қолдағы ескі техниканы да кәдеге жаратпақ. Ауқымды жұмыс енді басталады.
Ербол Әріпжанов, механик:
Негізі осы шығатын техникаларымызды, ең керектілерімізді, міне, дайындап, жөндеу жүріп жатыр. Қосалқы құралдарды жеткілікті әзірше бәрі бар. Енді көктемгі егіс науқанын, әне-міне, бастайын деп отырмыз.
Биыл шаруашылық 1119 га суармалы алқапқа жүгері мен көпжылдық шөп екпек. Сегіз жылдан бері тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолданып еңбек өнімділігін еселейтін жағдайға жетті.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Жаңбырлатып суарудың тиімділігі өте зор. Су да үнемделеді, өнім де мол. Мысалы мына 300 гектар алқапты дәстүрлі арықпен суарса жылына небәрі үш рет шөп шабылады. Ал егер жаңбырлатып суарса, бес рет өнім алуға болады.
Егіс алқаптарында жылдан жылға су көлемі азайып, тіршілік нәрінің тапшылығы сезіліп келеді. Бұл тек Жетісу өңіріне ғана емес, әлемдік деңгейде көтеріліп келе жатқан мәселе. Сондықтан су үнемдеу технологиясы қаншалықты қымбат болса да, келешек үшін өте қажет дүние дейді, шаруашылық басшысы.
Жәнібек Оқанов, серіктестік директоры:
Енді біз 400 гектар жерді тағы дайындап отырмыз биылғы жылға. Жалпы инвестиция сомасы 1,5 млрд. Экономдау жағын қарастырып отырмыз. Суды үнемдеуіміз керек. Мол өнім алуымыз керек. Қазіргі талап сондай болып жатыр.
Жалпы облыста 200 мың гектар суармалы алқап болса, 27 мың гектары қайта қалпына келтірілген жерлер. Ал 4,5 мың гектар егістік жаңадан қосылып отыр.
Қуаныш Қанатұлы